Құпиясы көп Күйік асуы
Халқымыздың «Жол азабын жүрген біледі» деген тәмсілі сапарға шыққанда ойға оралады. Рас, қазір шалғайдағы қонысқа қас қағымда жетіп бару қиын емес. Жүйткіген жеңіл көлік алысты жақындата түсті. Жылдан-жылға ойқы-шойқы жолдар да жөнделіп жатыр. Таспадай тізілген тегіс тасжол жолаушының діттеген жеріне тезірек жетуіне қолайлы жағдай туғызады. Бұрынғыдай арбамен айшылық жол жүру дегенді қазір түсімізде де көрмейтін жайлы жағдайға жеттік. Әрине, қазақ даласының барлығы жазық жер емес. Ойлы-қыратты, таулы-тасты аумақтар да алдымыздан шығады. Мұндай сәттерде тақымдағы темір тұлпардың өзі де аяғына тұсау түскен аттай кібіртіктеп қалады. Солардың қатарында облысымызда орналасқан елімізге белгілі Күйік асуы да бар.
Жалпы, дүниежүзінде таудың өте биік жерлеріне орналасқан автокөлік жүретін асулар аз емес. Мәселен, Үндістанның Кашмир және Джамму штаттары аралығындағы Кхардунг-Ла асуы 5359 метр биіктікте орын тепкен. Сондай-ақ, Қытайда Суге Ла, Семо ла, Непалда Нангпа-Ла секілді әлемге белгілі асулар бар. Мұндай жерлер Еуропаның таулы аумақтарында аз кездеспейді. Еліміздің оңтүстік өңірінде тұратын жұрттың біразы облыс аумағындағы Күйік асуын жақсы біледі. Алматы қаласына бет алған көлік ішінде болған жолаушылар бұл жерден міндетті түрде өтеді. Өйткені, бұл аумақтан айналып өтетін өзге жол жоқ. Қанша қиын болса да, әрлі-берлі жүрген жұрт осы аумақтан асуға мәжбүр. Асу Жуалы ауданының шығысында, Жамбыл ауданымен шектесер тұсында кіші Қаратау қатпарлы белдеуімен шектеседі. Оның жалпы ұзындығы 200 шақырым болса, ені 35-40 шақырымды құрайды. Кіші Қаратау белдемі арқылы Алматы – Ташкент – Бішкек көлік жолы Күйік асуы арқылы өтеді. Абсолюттік биіктігі 1200 метрге дейін жететін жер атауының шығуына қатысты жергілікті жұрт түрлі жорамал айтады. Солардың алғашқысы қазақтың тұңғыш инженері, тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың жазбаларында кездесетін аңыз нұсқасы. Аңыз бойынша қазақтың ханы Есім хан жауға аттанарда Тұрсын ханға ел билігін, отбасын аманат етіп тапсырады. Екі жыл өткен сол Есім хан жорықтан елге оралған жолында осы тауда Тұрсын ханның бұзауларын бағып жүрген кейуананы көреді. Әлгі кейуана Есім ханның анасы болып шығады. «Соның күйігінен жер атауы «Күйік» деп аталыпты» делінген.
Тарихи жер атауы туралы тағы бір болжам Шыңғыс ханның немересі Күйік қағанға келіп тіреледі. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында дәл осы жерде Күйік қаған қаза болғандығы туралы: «Еділ өзенінің сағасындағы Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан «Сарыарқадағы елімді көремін» деген сылтаумен он түмен қолмен Бату Күйікке қарсы жүрген. Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқтарымен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал, сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, намысқа шыдай алмай қан қақсап сырқырамақ? Бүкіл Шыңғыс әулеті болып демін ішіне тарта күтті. Бірақ заңғар мүйіздер сарт- сұрт ұрысқан жоқ. Күтпеген жерден жол-жөнекей Күйік екі күн ауырып қаза тапты», – деп көрсетіледі. Бұл мәліметті М.Тынышбаев та растайды: «Шыңғыс ханның кең иелігін иемденген ол 1248 жылы Жошы ұлысына Батумен кездесуге аттанады. Алайда, бұл жолы ашық қақтығыс болған жоқ. Әскерлер кездескенге дейін Күйік кенеттен (кейбір мәліметтер бойынша ол Бату жіберген адаммен уланып) қайтыс болды».
Тағы бір болжам ел басына күн туған Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама уақытына байланысты айтылады. Оның алғашқысында жаудың қаскөйлігіне әбден наразы болған осы маңдағы ел аталмыш асуды осылайша атап кеткен делінсе, енді бірде Күйік Ордабасы мен Ақыртөбе секілді жау әскерінен сақтану үшін белгі беру орны болған делінеді. Оған ел арасындағы «Кезінде Күйік, Құлан бел болыпты, Қос буылтық ортасы жер болыпты» деп келетін өлең жолдары дәлел бола алады. Тылсымға толы тарихи мекен туралы таңданыстар түрлі туындыларда кездеседі. Жазушы Ш.Мұртаза «Жұлдызы биік Жуалы» атты очеркінде: «Күйік» – Қаратаудың атақты асуы. Неге «Күйік» деп аталғаны белгісіз. Мүмкін, «Қаратаудың басынан көш келеді» заманындағы қорлықтың күйігі ме екен? … Кейбір көктемде осы «Күйіктен» алты-жеті, тіпті одан да көп күндер бойы бір азын-ауық жел тұрады. Сонда жайқалып өсіп келе жатқан көк желең шынжау тартып, мешел баладай ілмиіп, көк тұрмақ, мал-жанның да реңі қашып, берекесі кетеді. Асудың «Күйік» аталуы бәлкім содан шығар», – деп жазады.
Осы жерден 1922 жылы ақпан айының соңында жүріп өткен революционер Д.Фурманов «Мятеж» атты романында Күйік асуы туралы мынадай күнделік жазып кеткен: «Күйік асуында табиғат тез өзгереді екен. Бұралаң тастақты жолмен төмен құлдилай бердік. Жолдағы үлкен тастар татар молаларының басындағы белгі тастарға ұқсайды екен. Асу біткен кезде ескі керуен сарайдың орнына тап болдық. Бұл жерде ары-бері өткен жолаушыларға қарақшылық шабуыл жасалып тұрғанда, ел көтеріліп, керуен сарайды иесімен қоса өртеп жібереді. Жер атауы сондықтан «Күйік» деп аталады», – дейді.
Шындығында, аталмыш асу атауы жөнінде талас болғанымен, тасқа басылған нақты дерек жоқ. Сол себепті барлығы да болжам күйінде қалады. Бастысы, жер атауының өзіндік ерекшелігі мен тылсымға толы табиғатына қарап, асудың бекерден- бекер осылай аталмағанына көзің айқын жетеді.
Нұрболат АМАНБЕК