Әлеумет

Сапалы білім экономикаға тың серпін береді

The final spritzer

Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымы білім беру жүйесінің экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге мейлінше бейім болуын талап етеді. Әлем қазір «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Елімізде оқу-ағарту ісіне, білім беру мен білім сапасын арттыруға, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше мән беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігін басты бағыттардың бірі ретінде айқындап, отандық білім беру жүйесін бәсекеге бейімдеу жөнінде нақты тапсырма берді.

Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болу қажеттігі, бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңыздылығы баса айтылды. Осы мақсатта мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өтіп, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болатынын айтты.

Мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жобасы Қазақстан аумағы бойынша іске асырылып жатыр.

Ваучерлік қаржыландырудың негізгі қағидаттары: ата-аналар балабақшаға орын үшін кезекке тұрса, қазір ваучерге кезекке тұрады; балабақшаны білім басқармасы анықтаса, қазір балабақшаны ата-ана таңдайды; мемлекеттік тапсырыс балабақшаға бекітілсе, енді ваучер баланың соңынан ереді.

Пилоттық жоба аясында Тараз қаласында 154 балабақша ваучерлік негізде қаржыландырылады. Жоба ата-аналар үшін өте тиімді, олар балабақшаға электронды өтінім беру арқылы келісімшартты онлайн түрде жасай алады, жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы үшін әділдік, ашықтық қағидаттарына негізделген ваучерлік қаржыландыру жүйесін қолдану қажет.

Президент атап өткендей, тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.

Ең бастысы, білім беру саласында ваучерлік тәсілді пайдалану арқылы ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге, білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамытуға, қызмет көрсетуде бәсекелестікті арттыруға, қаржының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Жоба аясында қалалар мен ауылдық елді мекендерде оқушы орындарының қазіргі және болжамды тапшылығын жою үшін 2026 жылға дейін кемінде 740 мың (екі ауысымды оқыту кезінде) жаңа оқушы орнын пайдалануға беру, ұлттық жоба шеңберінде қолданысқа тапсырылатын мектептерде жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру міндеттерін орындау көзделген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2024 жылы жаңа форматтағы заманауи 4 мектеп, оның ішінде «Ұлы дала» шағынауданында 2000 және 1200 орындық, «Бәйтерек» шағынауданында 1200 орындық, Байзақ ауданында 600 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. Ал, 2025 жылы Қордай ауданында 2 мектеп, Тараз қаласында 1 мектеп құрылысы аяқталады.

Осы жылдары 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілген, ал 41 білім нысанының құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Елімізде алдағы 3 жыл ішінде Президенттің тапсырмасымен тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді.

Білім беру жүйесін мемлекеттік қолдаудың ашықтығы азаматтардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, білім деңгейі жоғары мемлекеттер инновацияларды жылдам игеріп, жаһандық нарықта жетекші орын алады. Жоғары сапалы білім жұмыс күшінің өнімділігін арттырып, экономикаға жаңа серпін береді.

XXI ғасыр – жаһандық жаңалықтар ғасыры ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры. Білім мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ әлемдік нарықтағы, әлемдік қоғамдастықтағы орнын айқындап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көтеруде айрықша маңызды рөл атқарады.

 

Мұхтар МАМЫШЕВ,

облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.