Азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты

Азық-түлік бағасының бүгінгі күні сан құбылып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Оны тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынғанымен, баға ырыққа бой бермей бара жатқаны белгілі. Дегенмен, өңіріміздің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету аясында өңірлік тұрақтандыру қоры өзіне міндеттелген жұмыстарды талапқа сай атқарып келеді.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры Манас Беріковтің айтуынша, бүгінгі күні акционерлік қоғам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу және тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізуде.
Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, «Тараз» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорына сатып алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік форвард, оффтейк келісімшарттары негізінде өнім өндірушілердің қоймасында сақталады. Форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу кезінде сатушы тауарды ұзақ уақыт сақтауға, меншік немесе жалға алуға жарамды қоймасының болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тауар толық өткерілгенге дейін оның тиісті сақталуын қамтамасыз етеді, тауарды жеткізу қоймадан жүзеге асырылады. Олардың сақталу жағдайын үнемі «Тараз» ӘКК» АҚ бақылап тұрады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары басқа дүкендерге қарағанда төмен бағада өткеріледі. Бұл санатқа жататын тауар бағалары әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік бағада және коммерциялық бағада да сатылымда тұрады. Өйткені, тұтынушы өзіне қажетті тауарды таңдап алуға құқылы. Әлеуметтік дүкендерде қойылған тауар бағаларына апта сайын мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Қазіргі таңдағы әлеуметтік дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткеру бағасы нақты белгіленген. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры Манас Беріковтің айтуынша, әлеуметтік дүкен сөресіне шығарылған ұнның бір килограмы – 150, нан – 90, макарон өнімдері – 290, қарақұмық – 198, күріш – 400, картоп – 130, сәбіз – 95, пияз – 65, қырыққабат – 120, қант – 360, күнбағыс майы – 570, тауық еті – 1200, сүт – 325, айран (2,5 пайыз) – 350, сары май – 1580, жұмыртқа – 48, тұз – 45, сүзбе (5 пайыз) 1150 теңгеден босатылуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ