Ауқымды жұмыстар атқарылып келеді

Адам санасын зерттеумен айналысатын мамандардың пікірінше, жеткіншек жаста өте абай болған абзал. Себебі, 13 жастан кейін балалық шақтан жастық кезеңге өтер уақытта мінез-құлықта өзгерістер болып, бала өз пікірін алға тартып, өз қалауымен өмір сүруге бейімделе бастайды. Бұл шақта сезімге беріліп, ашушаңдыққа жиі ерік беретіні де бар. Сондықтан, жеткіншектердің әрбір әрекетін ересектер қадағалап, дұрыс бағыт көрсетіп, сабырмен сөйлесе білсе, салиқалы тұлға қалыптасады. Ал, кәмелетке толмағандардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп өсуіне тұтас қоғам жауапты.
Бүгінде облыста кәмелетке толмағандар саны 463 618-ді құраса, оның ішінде 1199-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Өңірдегі кәмелетке толмаған балалар саны облыс халқының 41 пайызын құрайды. Осындай жоғары көрсеткіш балаларға ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мемлекет тарапынан қабылданған кешенді шаралар да осы міндетті мүлтіксіз орындауға бағытталып отыр.
Елімізде білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша қабылданған заңның маңызды бастамасы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеу үшін тәлімгерлер институтын құру болды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 1199 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 726-сы мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлермен қамтылған. Сонымен қатар, балалардың қалаулары бойынша қосымша үйірмелерге және секцияларға барады.
Білім басқармасының мәліметінде облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 783 отбасындағы 1092 баланың 812-сі туыстарына және 280-і бала асырап алушы үміткерлерге берілгені айтылады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1020 баланың денсаулық жағдайы жақсы, 79 бала денсаулықтарына байланысты медициналық есепке алынған. 2023-2024 оқу жылында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 161 бала 9-сыныпты аяқтап, 105-і колледжге, 55-і 10-сыныпты, 60 бала 11-сыныпты аяқтап, 44-і жоғары оқу орнына, 14-і колледжге түскен.
Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықтық жазаны күшейту мен әкімшілік жауапкершілік енгізуде де өзгерістер мен толықтырулар болып жатыр. Балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыста бірқатар жобалар іске асырылып та келеді. Соның ішінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК және «KiVa» бағдарламалары ерекше рөл атқарады. Биылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді.
Білім басқармасы жанынан ашылған Психологиялық қолдау орталығы да кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл орталықта психолог мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, оқушылар мен ата-аналарға демалыссыз, тәулік бойы 24/7 режимінде тегін көмек көрсететін сенім телефоны ұйымдастырылған.
Облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психологы Мухамеддин Раймбековтың айтуынша, мұндағы жұмыстар бекітілген іс-шара жоспары бойынша жүргізіліп келеді.
«Облыстық психологиялық қолдау орталығы» білім бөлімдерінің, мектеп әкімшілігінің, педагог-психологтардың және ата-аналардың жеке сұраныстары бойынша психологиялық қолдау жұмыстарын да жүзеге асырады. Нақты айтқанда, 38 психологиялық түзету, яғни коррекция жаттығулары мен 128 психологиялық кеңес беру жұмыстары өткізілген. Осындай жұмыстарға барлығы 166 адам қатысса, оның ішінде 86 оқушы, 13 білімгер, 20 педагог, 47 ата-ана бар.
Яғни, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар оларды оқытып, тәрбиелейтін педагогтермен және ата-аналармен де жүргізіледі. Әрине, келешектің кемелдігі бүгінгі жас тұлғалардың сапалы білім мен салиқалы тәрбие алуына байланысты. Сондықтан, бұл мақсаттағы жұмыстар заманның бағыт-бағдарына қарай жаңартылып, жалғаса бермек.
Қамар ҚАРАСАЕВА