Тараз балабақшаларындағы теңдесі жоқ жоба

Ел болашағы өнегелі, парасатты ұрпақтың қолында. Өскелең баланың қауіпсіз ортада заманауи талапқа сай білім алып, тәрбиеленуіне барынша жағдай жасау маңызды. Мемлекет басшысының қолдауымен өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасау үшін еліміздің білім беру саласында оң өзгерістер орын алып келеді. Ал, облысымыздағы білім беру жүйесінің жағдайы сапалы өзгерістердің тұрақты тенденциясын дәлелдейтін бірқатар нақты көрсеткіштермен сипатталады. Атап айтсақ, білім беру саласына 2023 жылы 280 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 319,2 миллиард теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскенін көрсетеді.
Үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Облыста 610 мектепке дейінгі ұйымдарда 60 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2024 жылы Қадамдық жоспарға сәйкес 1625 орындық 19 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып, бүгінге дейін 3459 орындық 33 мектепке дейінгі ұйымдар ашылған. Нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу үлесі 95 пайызды құрап, межеленген жоспар орындалыпты.
Әрине, бала болған соң көргенін ұстап, тіпті аузына салып, қызықтауға, не екенін білуге ұмтылады. Сондықтан, әсіресе балалар өте үйір ойыншықтардың қауіпсіз болғаны қажет-ақ. Әрі күнделікті көргенімен санасына ой қалыптастырып өсетін баланы ойыншықтармен тәрбиелеу де ұтымды. Осы жағынан қарасақ, балалардың ұлттық құндылықтарды ұғындырарлық дүниелерді қолданып өскені бір ғанибет.
Тараз қаласындағы бұл жоба – елімізде балабақша тәрбиесінің жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсететін айқын мысал. Авторлық ойыншықтарды жасаушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын табады. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, экологиялық санасы жоғары ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Гүлмира Жолдасқызы айтқандай, өз жұмысын сүйетін әрбір маман сол бағыттағы істі дамыту үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондай ізденістің нәтижесінде қолданысқа келген қауіпсіз ойыншықтар бүгінгі бүлдіршіндерді қызықтыра баураса, олардың да табиғатқа, ұлттық болмысқа, түп тамырын тануға деген қызығушылығы артып, тағы да басқа жаңа дүниелердің тууы бек мүмкін.
Ал, педагогтер бұндай ойыншықтардың ауқымы алдағы уақытта да кеңейіп, еліміздің басқа өңірлеріндегі балалардың дамуына ықпал ететініне сенімді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпаққа сапалы тәрбие беру бағытындағы бұл жоба – заман талабы мен ата-аналар үмітінің үйлесімді көрінісі дейді бала тәрбиесімен айналысып жүрген мамандар.
Бұған дейін тек табысты көздеп, зиянды материалдардан жасалған шетелдік ойыншықтардың балаларға тигізген зардабы туралы ақпарат көздерінен естіген едік. Балабақша тәрбиешілері әзірлеген табиғи ойыншықтар қолданысқа кеңінен тараса, құрамы жағынан сапасыз ойын бұйымдары пайдаланудан ысырылып қалар еді. Таза әрі берер пайдасы зор ойыншықтардың қатары артса, ата-ана да уайымсыз болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА