Қамқорлықтың аясы тарылмайды

Қоғамда мүгедектігі бар жандарды мүмкіндігі шектеулі деп жатады. Алайда, денсаулығына қатысты осылай айтылғанымен тағдыр сынаққа алған жандардың, керісінше мүмкіндігі шексіз екенін іскерлігінен, өнерге деген құлшынысынан байқаймыз. Тек ондай азаматтарға қолдау көрсетілсе, еңбекке ерік-жігерімен кірісетінін де көріп жүрміз.
Мемлекетімізде мүгедектігі бар кісілерге барлық жағынан көмек көрсетіледі. Айталық, облыста 45571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-ші топтағы 4 586 адам болса, 2-ші топтағылар 16534, 3-ші топтағылар 17629 адам, ал 18 жасқа дейінгі 6822 мүгедек бар.
Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына, яғни сурдо- тифло құралдар, санаторлық-курорттық және протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар үшін бюджеттен 6,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 1,4 миллиард теңгесі республикалық, 0,7 миллиард теңге облыстық, 2,6 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.
Басқарма басшысының айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында 21 үкіметтік емес ұйым тарапынан 1640 мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА