Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» ұғымы енді

Азаматтардың конституциялық кепілдіктерін іске асыруда әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі ерекше орын алады. Зейнетақыны, жәрдемақыны және ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет іске асыратын осы және басқа да өзгерістер көптеген қазақстандықтарға әсер етеді. Бұл бойынша биыл қандай өзгерістер болмақ? Ол жөнінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінен сұрадық.
Департамент басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңт ардағы жағдай бойынша облыста ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны 139181 адам, базалық зейнетақы алушылардың саны 132684 адам болған. Биыл зейнетақылар мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері ұлғайтылды. Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға артқан.
Ал, базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызын, яғни 50851 теңгені құрайды. Сондай-ақ, биыл айлық есептік көрсеткіш ұлғайып, 3932 теңге болған. Ол жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін және айыппұлдар, салықтар және басқа төлемдер үшін қолданылады.
Осы орайда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, өсіріп отырған отбасыларға көрсетілетін көмек жөнінде де айта кеткен жөн болар. Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін елімізде кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері биыл 64720 теңгеге жеткен.
Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты да өсті. Төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 63030 теңге, бес баласымен – 78798 теңге, алтауымен – 94565 теңге, жеті баламен – 110332 теңге, сегізінші және одан кейінгі балалардың әрқайсысына 15728 теңгеден төленеді.
Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі. Сондай-ақ, наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды, яғни 29097 теңге, «Күміс алқа» алған аналарға – 25165 теңге, яғни 6,4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі.
Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін қызметкерлерге 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі кемінде 7 жыл болған кезде арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді енгізу зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін олар 55 жасқа толғанда және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі болған кезде көзделген. Төлем төрт көзден жүзеге асырылатынын да айта кетейік. Тарқата айтсақ, республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшері, 92456 теңге, Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, өмірді сақтандыру компанияларының 1-ші ең төменгі күнкөріс деңгейі, бұл 46228 теңге және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1-ші ең төменгі күнкөріс деңгейі, яғни 46228 теңге мөлшерінде. Қызметкер оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлем тоқтатылады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының айтуынша, бұл төлем 2024 жылдан бері 641 алушыға тағайындалыпты.
2023 жылы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелерінің қабылдануына байланысты оны алу құқығын жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары да алды. Бүгінгі таңда ақшалай өтемақы 1559-дан астам алушыға тағайындалған. Оларға 232 006 651 теңге төленген.
Халықты әлеуметтік қорғау кез келген әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің ажырамас функциясы екені белгілі. Оның негізгі мақсаты – ел азаматтарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және көтеруге бағытталған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамыту. Сондықтан, көмекті қажет ететін санаттағы ел азаматтары қамқорлықтан тыс қалмайды.
Қамар ҚАРАСАЕВА