Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі

Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.
Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Президент қазір еліміз үшін тарихи кезең екеніне, алдымызда биік мақсаттар тұрғанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды.
Мемлекет басшысының пікірінше, ел үшін адал қызмет ету жауапкершілік алудан қорықпайтын, батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде заман талабына сай білікті мамандар өте көп: мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіптегі жұмысшылар және басқа да мамандар бар. Қазақстан жастары креативті индустрияда да көптеген табысқа жетіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанды көркейту қастерлі парыз екенін атап өтті. Берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуатының арқасында Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға сенім білдірді.
Форумда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының Алматы кампусының жетекшісі Владимир Изюмников, қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі Ғалия Тузен, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі Әлихан Сәрсенов, «Antitrash» азаматтық науқанының жетекшісі Бауыржан Аманов сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдірді.
Akorda.kz