Әдебиет

Өзекті мәселелерді өнер өрнегімен жеткізген

Ауылда жүріп те өзінің саласына толайым еңбек сіңіретін еңбек озаттары болады. Солардың бірі – шулық өнер иесі, Мәдениет саласының үздігі, суретші, мүсінші, карикатурашы Қали Қораласбаев. Ол ерінуді білмейтін еңбекқор адам. Біз оның таланты мен ерекше ізденісін облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты көркемсурет галереясында карикатурадан өткен «Жемқорлық – жегі құрт» атты жеке көрмесінен байқадық.

Қали Ерғазыұлы суретшілігі, тасқа таңба салған мүсіншілігінен бөлек, карикатура жанрының да маманы. Оның идеялары қарапайым көпшіліктің ойларымен өзектес. Аталған көрмеге 160 сурет әзірлеп әкеліпті. Бір суреті бір әзіл әңгіменің жүгін көтеріп тұрғандай. Шебердің «Мектеп», «Театр», «Жоғары оқу» жұмыстары аталған мекемелердегі күрделі көріністерді әзіл түрінде беріпті. «Емхана», «Тексеріс», «Парақор», «Бабалар алдында жауап беру» секілді туындылардың әрқайсысы үлкен жүкті көтеріп тұрғанын тақырыптарынан да тануға болады. Өнерпаздың барлық карикатуралары үлкен ойды айтып, көрген жұртты тәрбиелеуге бағытталған. Әр еңбегі арқылы жаман істерден, тойымсыздық пен парақорлықтан аулақ болуға шақырады.

Іс-шараны Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Құсайынов сөз сөйлеп ашып: «Бұл еңбектерден Қалидың азаматтық қасиетін көруге болады. Қали ерекше ойлайды, әр жұмысы жауапкершілікке толы. Осы еңбектің бәрін қалай жасап үлгерді деп таңғаламын. Бұл карикатуралары – жастарға үлкен үлгі. Әріптесімнің жетістігіне өте қуаныштымын. Алдағы жұмыстарына да табыс тілеймін. Көрмесі құтты болсын. Шығармасы елге қызмет ете берсін», – деді. Мұнан соң суретшілер Мұраджан Рахымжанов, Мұхтар Егізеков, Айман Орманова, аталған көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлова өздерінің пікірлерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Іс-шараны Қали Қораласбаев өзі түйіндеп, қонақтар мен көрмені тамашалауға келген көпшіліктің баршасына алғысын айтты.

Ол:

Көрмені тамашалауға келген жастар мен жасөспірімдерді де сөзге тарттық.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Мейірім Естай:

Карикатура өнерінің шебері Қали Қораласбаевтың еңбегі шынында жастар мен жасөспірімдерге ой салады. Күн сайын айтылатын құрғақ ақылдан қашып, өзінің айтарын қылқаламы арқылы жеткізген суретшінің ниеті құптарлық. Шу ауданынан келген суретшінің бұл көрмесі өнерде шекара болмайтынын тағы да дәлелдеді.

 

Есет ДОСАЛЫ