Тарлан талант тағдыры
Қазақтың алғашқы ханынан бастап соңғы сұлтанына дейін қағаз бетіне түсірген ұлы жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына – 110 жыл. Тағдыры сондай қиын болса да, оның шығармалары жұп-жұмыр. Жампоз жазушының рухани әлемімізге қосқан үлесі зор. Осыған орай, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Тарлан талант тағдыры» атты портреттік кеш өтті.
Кеш барысында жазушының «Айша» поэмасының зағип жандарға арналған «Брайль қарпіндегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мазмұнды іс-шараға «Қазақ соқырлар қоғамы» мүшелері, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының оқушылары, Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінің оқушылары қатысты. Сонымен қатар, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Журналистика және филология» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Көпбаева, «Журналистика және филология» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әсима Нүсіпова, Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектептің «Қазақ тілі әдебиеті» пәнінің мұғалімі Мереке Абитова сияқты арнайы қонақтар кеш көркін ашты. Сондай-ақ, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының оқушыларынан құралған «Мұрагер» домбыра ансамблі «Жастар биі» күйін орындады. Арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы, «Сәт» триосының мүшесі Сапар Алтыбайдың орындауында «Ауылым» әні нақышына келтіре шырқалды. Ал, №26 орта мектептің 6-сынып оқушысы Ұлжан Мұқажан «Домбыра» өлеңін оқыды.
Шындығында ұлттық рухымыздың шырағына айналған, аты әлемге мәшһүр жазушыны білмеу ұят-ақ. Іс-шара әдеби музыкалық монтажға жалғасып, көркем сөз оқылып, бейнефильм көрсетіліп, өз мәресіне жетті.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА