Абзал жүрек ауыл фельдшері

Дерт дендеп, жанымызға дауа іздегенде дәрігерлерге жүгінеріміз анық. Мұндайда ажалға арашашы болатын ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Көңілдегі көп күмәнді сейілтіп, үмітті оятып, ауруды айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын адамдарға қандай мақтау айтса да жарасады. Әсіресе, адамға алғаш көмек көрсететін фельдшерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай жанның бірі – саналы ғұмырын шалғай ауылда фельдшерлік іске арнап, талай сәбидің дүние есігін ашуына себепкер болған Медеркүл Манашқызы.
Медеркүл Манашқызы 1948 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Бірлес ауылында туып, 1966 жылы Жамбыл қаласындағы медициналық училищесінің фельдшерлік бөлімін аяқтап, жолдама арқылы Луговой аудандық денсаулық сақтау мекемесіне жіберіледі. Аталған мекеменің сол кездегі меңгерушісі Ақылбек Исаев Тереңөзек ауылдық округінің шалғайдағы Шолақ-Қайыңды ауылындағы фельдшерлік пункт меңгерушісі етіп тағайындап, жұмысқа қабылдайды. Шалғай ауылда бұрын қабылданған мамандар тұрақтамай, кетіп қалатын. Бөлімшеде жетпіс отбасы есепте тұрса, олардың басым көпшілігі ұжымшардың мал шаруашылығы саласында, яғни, бақташы, шопан болып қызмет атқаратын.
Жыл он екі ай уақытпен санаспай өзінің алған білімі мен біліктілігінің нәтижесінде қысы-жазы есепте тұрған тұрғындарға сәбилерге егу-емдеу профилактикалық іс-шараларды жедел қолға алып, санаулы уақытта көпшіліктің құрметіне бөленді.
Сол уақыттардағы ішкі ауыларалық жол қатынасы, жедел жәрдем көлігінің, байланыс жүйесінің жоқтығынан айы-күні жеткен аналарды өзі босандырып алған жағдайлар аз болған жоқ. Ауыл фельдшері қызметін атқара жүріп ол ауыл азаматы Алматы зоотехник-малдәрігерлік институтының түлегі Бейбіт Байсариевке тұрмысқа шығып, отау құрады. Отағасы екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Өсіп-өнген әулеттің ұл-қыздары бүгінде әскери қызмет пен білім саласы, құрылыс пен мәдениетте ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Нұрболат АМАНБЕК