Театрда тындырымды тірлік көп

Заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза өз сөзінде: «Театр көбейсе, түрме азаяр еді», деген болатын. Шындығында қай дәуірде болмасын, мәдениет пен өнердің ұлт руханиятынан алатын орны ерекше. Әсіресе, театр өнерінің замана келбетін танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білуімен, дәуір адамының пайым-парасатын биіктете алуымен қашанда үлкен маңызға ие. Чеховше айтсақ, «Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер». Осындай үлкен миссияны арқалаған Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры биыл да қалың көрермендерді тың дүниелермен қуантпақ.
Осы орайда өткен жиында театр директоры Ақылдос Тәжиев пен театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова өткен жылы атқарылған шығармашылық жұмыстарға тоқталып, биылға жоспарланған мәдени іс-шаралар барысы туралы ақпарат берді.
Өнер ордасының өткен маусымда атқарған жұмыстары аз емес. 89-маусымда театр өз репертуарын 5 жаңа қойылыммен толықтырған болатын. Олардың қатарында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы, Нина Гернет пен Татьяна Гуревичтің «Балапан Дарафей» ертегісі, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты аңсау жанрындағы қойылымы, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» траги-фарс спектаклі және Жаңа жыл мерекесіне орай сахналанған Әйкен Тәсілованың «Бұғы мен Қасқыр» атты қойылымдары бар. Бұдан бөлек, театр ұжымы өткен жылы көшпелі қойылымдар мен қайырымдылық шаралардан да қалыс қалмаған.
Бұдан бөлек, баспасөз жиынында театрдың басшысы Ақылдос Тәжиев алдағы жоспарларымен бөлісті. Биыл өнер ошағының 90 жылдығы мен Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтілгелі отырғандығын тілге тиек еткен театр басшысы көрермендерді қуантарлық жаңалықтардың да бар екендігін жеткізді.
Аталған іс-шараларға дайындық жұмыстарының басталып кетуіне байланысты театрдың шығармашылық ұжымы жыл басынан бері хор, ән дайындау жұмыстары үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешов пен режиссер-педагог, өнертану магистрі Ерлан Кәрібаймен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып үлгерген. Ал, театрдың осы маусымдағы көрермен сағына күткен алғашқы премьерасы – «Келіндер көтерілісі» туындысы ақпан айының 21-22-і күндері сахналанбақ.
Нұрболат АМАНБЕК