Қайраткер рухына құрмет

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Тараз қаласының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Щорс Шарафутдиновтың құрметіне орай өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып, ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, Amanat партиясының мүшелері, Тараз қаласының тұрғындары мен марқұмның жақын туыстары қатысты.
Щорс Шарафутдинов облыстың дамуына елеулі үлес қосқан азамат. Ол еңбек жолын қарапайым ұста болып бастап, Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитетінің хатшысы, облыстық мәслихаттың хатшысы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.
Іс-шарада облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев бар саналы ғұмырын өңірдің оң өріс алуына сарп еткен еңбек адамының жанқиярлық жұмысына, үлгілі өміріне кеңінен тоқталды.
Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріп Дәулетбаев және туыстары ізгі тілектерін арнады. Сөйтіп, мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында жиналған қауым ардақты азаматтың еліне деген адалдығы мен еңбегін тағы бір мәрте еске алды. Бұл мемориалдық тақта – оның есімін мәңгілікке қалдыруға арналған құрмет белгісі ғана емес, сондай-ақ, келер ұрпаққа өнеге болатын рухани мұра. Щорс Құбатайұлының есімі мен еңбегі әрдайым халық жадында сақтала бермек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы