«Көктем – 2025»: Оқу-жаттығу жиыны өтті

Көктеммен бірге келетін су тасқынының алдын алу мақсатында облысымызда «Көктем – 2025» республикалық командалық оқу- жаттығу жиыны өтті. Іс-шараға төтенше жағдай департаментінің барша қызметкерлері, полицейлер, әскерилер қатысты.
Тараз қаласына қарасты Қызыл Жұлдыз, Қазақ ауылдарының тұсында, Талас өзенінің жағасында өткен оқу-жаттығу жиынына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, бейнебақылау арқылы аймақтағы су тасқынының қауіптілігіне қатысты жұмыстарға назар аударды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қысқаша сұхбат берді. «Біз бүгін Көктем – 2025» республикалық командалық оқу- жаттығу жиынын көзбен көріп отырмыз. Бұл – алдағы көктем кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу. Мұндай іс- шара барлық аудандарда да өтіп жатыр. Қазір Талас өзенінде 33 мың текше метр су бар. Көктемгі қар суы еріген кездерде судың көлемі аталған мөлшерден екі- үш есе көбеюі мүмкін. Біздер бүгін сол жағдайлардың алдын алу бойынша мәселелерді сала мамандарымен шешу жолдарын қарастырдық. Бастысы, тұрғындарға бәрі қолайлы болуы тиіс», – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Жиынның жоспарына сәйкес аққан судың артуына байланысты Талас өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерге қауіп төнді. Су деңгейі көтерілген жағдайда өзеннің оң жағалауындағы тұрғын үйлерді зардаптан құтқару бойынша төтенше жағдай саласының мамандарымен жұмыс өте жауапкершілікпен жүргізілді. Шартты түрде қауіпті жағдайда қалған балықшылар мен тұрғындарды құтқару жұмыстары сәтті жүргізілгенінің куәсі болдық. Құтқарушылар су басқан аймақта қалған екі балықшы мен «Нива» көлік жүргізушісін құтқарды. Су басқан аумақтағы төтенше жағдайды жою үшін өрт сөндіру бөлімдері, екі өрт сорғы станциясы және секундына 120 литр су айдайтын АНР-120 көлігін қоса алғанда, бес мотопомпа жұмылдырылды. Арнайы мамандар арнайы көліктердің және үйретілген иттердің көмегіне сүйенді. Халыққа төтенше жағдай қаупі туралы хабарлау үшін дауыс зорайтқыштар қолданылды. Эвакуацияланған тұрғындар №62 орта мектепте орналасқан уақытша орналастыру пунктіне жеткізілуі, онда жергілікті атқарушы органдар тарапынан тамақтану, медициналық және психологиялық көмек шаралары ойластырылды. Жедел әрекет ету жасағы судың таралуының алдын алу үшін бөгет пен жол жабынын нығайтты. Полиция қозғалысты шектеп, экскаваторлар өзен көпірінің маңын тазалады. Жаттығуға төтенше жағдай департаменті, Ұлттық ұлан, полиция департаменті, медициналық қызмет, «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері қатысты.121 маман мен 37 бірлік техника жұмылдырылған оқу-жаттығу төтенше жағдайлар қызметтерінің көктемгі су тасқынына дайындығы мен ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін тағы бір дәлелдей түсті.
Есет ДОСАЛЫ