Астана – Дели және Алматы – Мумбай арасында жаңа әуе рейстері ашылады

14 мамырынан бастап «Indigo» әуе компаниясы Астана – Дели бағыты бойынша жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Рейстер A-320/321 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рет жиілікпен орындалады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
ҚР Көлік министрлігінің ресми хабарламасында ұшу географиясын кеңейту және еліміздің әуе тасымалдар нарығындағы шетелдік «лоу-кост» әуе компаниялардың үлесін ұлғайту бойынша нәтижелі жұмыс жүріп жатқандығы айтылады.
Сонымен қатар, бұған дейін хабарланғандай, «Air Astana» қазақстандық әуе компаниясы осы жылдың 20 сәуірінен бастап «Airbus» үлгісіндегі әуе кемесінде аптасына 3 рет жиілікпен Алматы – Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашады.
Жалпы, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде елдер арасындағы жолаушылар рейстерінің 5 әуе бағыты бойынша аптасына 24 рейске дейін ұлғаюы күтілуде.