Жаңалықтар

ҚҚС: Уақыт сынын еңсеретін қадам

The final spritzer

Ел қазынасы ортайып, Ұлттық қор трансфертіне мұқтаждық артты. Еселеп өскен шығынды салық түсімдері жаба алатын емес. Билік осы теңгерімсіздікті түзеу мақсатында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттырамыз деп отыр. Бұл ұсыныс төңірегінде қоғамдық пікір екіге жарылды. Бірі «бизнеске қысым күшейеді» деп алаңдаса, екінші тарап «салық әділ бөлінсе, мемлекет өркендейді» дейді. Көзқарас сан алуан, ал басты сұрақ – бұл өзгерістер елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ете ала ма?

Инфляциялық шок қысқамерзімді болады

Қаржыгер Андрей Чеботарев бұл реформаны ертерек қолға алу қажет еді дейді.

Қаржыгер салықтық жеңілдік­терге қойылатын шекті деңгейдің төмендеуі (78 млн-нан 15 млн теңгеге) бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарады деп отыр.

«Экономикалық зерттеулер институты» Фискалдық саясат орталығының директоры Ксения Загал ҚҚС мөлшерлемесінің артуына байланысты бизнестің қосымша шығындары пайда болатыны сөзсіз дейді.

– Осы әсерді жұмсартуға Үкі­мет еңбекке ақы төлеу қорына салынатын салықтық жүктемені айтарлықтай төмендету арқылы бұл шығындардың бір бөлігін өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл бизнестің қаржылық жағ­дайын жеңілдетуге әрі эко­но­микалық белсенділікті қол­дау­ға көмектеседі. ҚҚС мөл­шер­ле­месінің өсуі тауарлар мен қыз­мет­тердің түпкілікті құнына әсер етуі мүмкін. Аталған реформа аясында әлеуметтік көмек, жа­ла­қы мен зейнетақының инфля­ция деңгейіне қарай индек­сациясы қарастырылған. Бұл халықтың әлеуметтік осал топта­рын қолдап, бағаның өсуіне бай­ла­нысты жағымсыз әсерлерді азай­туға мүмкіндік береді. ҚҚС мөл­­шерлемесінің артуы инфля­ция­ға қысым жасайтыны рас, бірақ бұл қысқамерзімді әсер болмақ. Ортамерзімді кезеңде эко­­номика жаңа жағдайларға бейім­­деліп, қосымша бюджет кіріс­тері есебінен нақты секторды да­­мытуға, бизнеске қо­лай­лы жағ­дай жасауға жол ашылады, – дейді ол.

Баспасөз салықтан босатыла ма?

Бұл салық дегеніңіз өндіріс, өндіріс емес деп бөліп-жармай, қызмет көрсетіп, табыс та­уып отыр­ған кез келген ұйымға салы­на­тын­дықтан оның ішінде медиа саласы да кіреді. Ақпарат тара­тушы мекемені кәсіпорын, дүкен­дермен қатар қою қисынға соқпайтын секілді. Осы тұрғыда баспасөзді ҚҚС-дан басы бүтін босату туралы ұсыныс қылаң береді. Мұндай ұсыныс 2019 жылы айтылды да. Одан бері де медиаменеджерлер баспасөзге ҚҚС салқынының қаттырақ тиетінін айтып жүрді.

Біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым газеттерге салықтық жеңілдіктер беру жа­йын көтерді.

«Салық кодексіне баспа мәсе­ле­­сіне, газет, журналдарға салық­тық жеңіл­дік беру мәселесін енгізуді көтеріп отырмыз. Біз есептеп көр­дік, газет, кітап бизне­сі­нің ортақ салыққа салатын қар­жы­сы көп емес. Руханиятты да­мыт­қымыз кел­се, қолдау білдіру қа­жет», дейді депутат. Жалпы бәріне бір өлшеммен қарамай, әр сала­ның ерекшелігін де ескеру керек секілді.

Лаффер қисығы не дейді?

Сарапшы Аякөз Ханет ҚҚС мөл­шерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін арттыру бастамасына бір­қатар елдерге жасалған эмпи­ри­калық зерттеулер көзімен қарап көрген. Оның айтуынша, қазірдің өзінде біздің бюджеттегі салық түсімдерінің төрттен бірі – ҚҚС. Бірақ қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру салық түсімдеріне әрдайым оң әсер ете бермейді. Бұл құбылысты түсіндіру үшін экономистер Лаффер қисығы ұғымына жүгі­неді. Оның мәні – салық мөл­шер­ле­месі белгілі бір шекке дейін өскенде салық түсімдері артады, бірақ осы шектен асқанда салық түсімдері ке­рі­сін­ше, төмендей бас­тайды. Себебі тым жоғары салық бизнеск­е ауырт­палық салып, «кө­лең­­келі» эконо­ми­каға көшуге немесе тұ­тыну мен инвестицияны қыс­­қар­туға мәж­бүр­лейді.

1995–2011 жылдары Еуропа Одағындағы 27 елдің тәжірибесі көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемесін арттырған сайын салық түсімдері де артқан, бірақ бұл үрдіс әрдайым тұрақты болмаған. Экономикалық циклдің кезеңдері де маңызды рөл атқарған. Экономика өсіп тұрған кезеңде – халықтың табысы мен тұтынуы артады, кәсіпорындардың айналымы өседі. Осы кезде ҚҚС мөл­шерлемесі өзгермесе де, салық түсімдері көбейеді. Рецессия кезеңінде – тұтыну төмендейді, бизнес қиындықтарға тап болады, тиісінше, салық түсімдері де азаяды. Егер дәл осы кезде ҚҚС мөлшерлемесін көтерсе, тұты­нушылардың реакциясы өте жылдам болады. Олар шы­ғын­дарын күрт азайтып, бизнес те инвестицияларын қыс­қартады. Осылайша, салық түсім­дері күтілгендей артпай, кері­сін­ше, төмендеуі мүмкін. Бұл эко­но­микалық тоқырау ке­зеңінде Лаффер қисығының өзгеретінін, салық түсімдерінің салық мөлшер­ле­месіне әлдеқайда сезім­тал болатынын көрсетеді. Яғни салық саясатында экономиканың қай кезеңде тұрғанын ескермеу кері әсер етуі бек мүмкін.

Кәсіпкерге кедергі көп

ҚҚС-ны жоғарылатудың негізгі тәуекелдері – ресми тіркел­меу, қол­ма-қол есеп айырысу, құжа­тсыз сату және салық есептілігін бұрмалау. «Friends» бизнес-қауым­дастығының өкілі Дмитрий Казанцев Үкімет айтып отырған ресми инфляция көрсеткіштері шынайы жағдаймен сәйкес келе бермейді дейді.

Оның сөзінше, салықтан толық жалтару мүмкін емес. «Кәсіп­кер­лер заңсыз табысын ерте ме, кеш пе жұмсайды, ал мем­лекеттік органдар ақшаның қайдан келгенін бақылап отырады. Сондықтан «көлеңкелі» аймаққа кету – ұзақ­мер­зімді перспективада пай­дасыз. Нәтижесінде, бизнес заң­дастыруға мәжбүр болады, ал тұты­нушыларға тауарлар мен қыз­меттердің бағасы қымбат­тай­ды» дейді сарапшы.

 

Нарықтың жаңа жағдайларға бейімделуін күту ғана қалды

Қазақстан Қаржыгерлер қа­уым­­­­дастығының хабарлауын­ша, бюджет-салық жүйесін ре­фор­­малау барысында инфляцияны тежеудің қосымша шаралары қарастырылуы мүмкін. Мысалы, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толтыру, шағын бизнесті бейімделу кезеңінде қолдау үшін өндіріс секторында жеңілдіктер ұсыну деген секілді.

Сарапшылар қауіпті аймақ­қа өтіп, салық тұзағына түсіп қалмас үшін, салықтық әкім­ші­лен­діруді жақсарту керек дейді. Бұл мөлшерлемені көтеруден гөрі көбірек нәтиже береді. Соны­мен бірге бюджеттегі тиімсіз шығындардан арылу, биз­нестің ашық жұмыс істеуін ынталандыратын шаралар қабылдау, заңсыз әрекеттердің (жемқорлықтың) алдын алуға бағытталған бастамаларды күшейту арқылы салық тәртібін жақсарту, азаматтардың салық жүйесіне деген сенімін арттыру, дифференцияланған мөлшерлемені енгізу маңызды.

Елігімай ТӨҢКЕР