Әлеумет

«Әкеміздің әр өлеңі жүрек түкпірінде»

The final spritzer

Әдетте, танымал, арлы адамның ұрпағын көргенде жұрт «Асылдың сынығы», «Жақсының жалғасы», «Тұлпардың тұяғы» деп бағалап, дәріптеп жатады. Себебі, жақсы әкенің тәрбиесі балаға жүз жылға азық. Әке деген алып бәйтерек қашанда балаға жөн сілтейді, қолдайды, мақұлдайды, керек жерінде тектеп отырады. Әрбір перзент үшін әкенің орны бөлек. Ұл мен қыз сенімді әкеден алады. Тамырын енді жайған өскін жайқалып өсу үшін күнге қалай мұқтаж болса, бала да әкеге сондай мұқтаж. Асқар тауы әкесі барлар ту сыртында берік қамал бардай сенімді болып өседі.

Осы орайда, біз адамгершілік асыл қасиеттері жоғары, елге қызмет еткен, халықтың жадында жүрген жақсы жандардың ұрпақтары жайлы жазып, оқырмандармен бөлісіп отыруды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз ақын Серік Томановтың соңынан ерген қызы Марал Томанова мен ұлы Еркін Жапаров жайлы. Жаны игі, мөлдір таза, қаһарман әкеден өмірге ізін жалғастырар адал ұл мен қыз келіпті.

Таластың топырағы құнарлы ғой, шіркін. Профессорлар мен ақындар, жазушылар, ғалымдар шыққан мекен. Солардың ерекшесі де әрі елдің еркесі Серік Томановтың дүлдүл ақын екенін бүкіл республика біледі. Ақынның сөзіне жазылған «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған», «Аққулар» әндері жұбайы Бибігүл Оразбаеваға арналған. Ақынның Марал, Еркін атты екі перзенті бар. Еркін Серікұлы облыстық аумақтық сайлау комиссиясында жұмыс істейді. Баланың жақсы, елге сыйлы азамат болып қалыптасуына ата-ананың тәрбиесі себепші. Осы орайда біз Еркінмен пікірлестік.

Шаңырақтың иесі ұл болса, қыз сол үйдің бағы әрі берекесі. Марал Томанова әкесі өмірден өткенде 18 жастағы бойжеткен болатын. Бүгінде Марал бас қаламыз Астананың тұрғыны. Мемлекеттік тарих институтында он жылдан бері ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Қазіргі күні жұбайы екеуі бірлесіп кәсіп ашқан. Отбасылы, үш баланың анасы.

Қызық күндер еді ғой...

Әкем маған санауды үйретті. Кәдімгі, жүзге дейін санауды. Бірде анашыммен асүйде әдеттегідей таңғы асымызды ішіп отырғанбыз, әкем басқа бөлмеде ұйықтап жатқан болатын. Менің жасым төрттен асқан, әлі мектепке бармаймын. Анам жүзге дейін санауды үйреткісі келді, бірақ шыдамы жетпей, ұрысып жіберді. Әкем атып тұрып: «Қане, мен көрейін!», – деп 10 минутта үйретіп жіберді... Өмірдегі мен үшін күрделі дүниелерді осылай қарапайым тілмен түсіндіре алатын да қасиеті бар еді...

Балалық шақтан және бір есімде қалғаны, кроссворд шешу. Ол көзін жұмып жатып, мен қойған сұрақтарға жауап береді, мен үстел басында торкөздерді толтырып отырамын. Әкемнен асқан ақылды, әкемнен асқан ғұлама бұл дүниеде жоқ еді мен үшін... Қазір де солай.

Бәрін бақылап жүреді екен. Мен оқиды деп жинаған кітаптарының ішінде қазақ әдебиетінің классиктері Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаевтың кітаптарымен қатар, шетелдік Джанни Родари, Алан Милн секілді авторлар да болды. Жан-жақты дамысын дегені болар...

«Астыңғы ернім жер тіреп,

үстіңгі ернім көк тіреп,

Өлең оқып өртенсем,

Одан өзге жоқ тілек!», – деп ерекше шабыттанған сәті де есімде қалып қойды.

Жаңа жыл қарсаңы еді. Көшеден таксиге отырып, үйге бара жатқанбыз. Қолындағы бір уыс ақшаны такси рөлінде отырған қазақ жігітіне бере салып, «керегіңше ал!», дегені. Шошып кеттім. Үйде нан жоқ, ал әкемнің істеп отырғаны болса... Бірде көшеде тоңып тұрған біреуге басындағы құндыз тымағын кигізіп беріп кетіпті. Мен ол кезде мұндай қылықтарын түсінбеуші едім, есейген соң ұққаным – тұрмыс таршылығы мен тапшылығына қарамастан, жүрегі сондай таза, ақ еді. Ақ жейдесіндей...

Әкем өз өлеңдерінде туған жері Талас ауданы, Амангелді ауылын көп жырға қосқан.

Көшсін деп көз ілмедім, қыр, құмдарың,

Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың,

Қоңыраулы шеңгелің көшсін түгел,

Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын, – деп жырлайтыны есімде. Мен үйдің үлкені болған соң кішкентайымнан зерек болдым. Әкетайымның әрбір өлеңі жүрегімнің түкпірінде сақталған. Солайша, сағынған туған жерімізді мен де ерекше ықыласпен жақсы көремін. Шағын ғана қоржын тамды, жыңғылдарды, сексеуілді, бәрі-бәрін сағынамын. Мен екіге толғанда інім Еркін өмірге келді. Ол мені «Мартос» деп атайды. Әкемнен кейінгі сырлас досым, ол менің бауырым. Тұрмысқа шығарда да әкеме ұқсастық іздедім. Кішіпейіл, аңқылдақ болса дедім. Әйтеуір бір ұқсастық таптым-ау деймін. Жұбымыз ажырамай бірлесе ашқан кәсібімізден нәсіп тауып келеміз, – дейді Марал Серікқызы.

Қалай дегенде де ақынның өлмес жырларын сүйіп оқитын оқырмандары бар. Олар да жақсының жалғасын, тұлпардың тұяғын білгісі келеді, айнытпай танығысы келеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әулеттің атын шығарар ұрпақтары аман болсын деп тілейміз!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА