Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Меркі ауданының Тұрар Рысқұлов ауылында көптен күткен жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салтанатты түрде ашылды. Бұл ауыл тұрғындарының ұзақ жылдар бойы күткен әлеуметтік нысаны болатын. Ауыл халқы үшін медициналық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды, сол себепті бұл бастама жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш сыйлады.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Ауыл ақсақалы Советхан Әділбеков сөз сөйлеп, тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, жаңа нысанның халыққа қызмет етуіне сәттілік тіледі. Ашылу рәсімі салтанатты түрде лента қиюмен жалғасып, ауыл тұрғындары заманауи медициналық мекеменің ішін аралап көрді.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт 15 адамға дейін келушілерді қабылдауға қауқарлы. Ғимараттың жалпы ауданы – 261,8 шаршы метр. Мұнда тамбур, вестибюль, стерилизациялық бөлме, акушерлік кабинет, қаралу бөлмесі, процедуралық және екпе егу кабинеттері, физиотерапия және басқа да медициналық қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, мекеме қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алғандар жаңа медициналық нысанның іске қосылуына себепкер болған барлық азаматтарға алғысын білдіріп, ел игілігі үшін қызмет ететін нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Осылайша, ауылдықтардың көптен күткен арманы орындалып, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым тағы бір маңызды нысанмен толықты. Бұл мекеме ауыл халқының сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Қазыбек КАМАЛ,
журналист.
Меркі ауданы