Басты назарда – қауіпсіздік

«Шу – қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын жүзеге асыру барысында біршама жемісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен Шу қаласы мен әр ауылдық округте ата-ана, тұрғындармен өткізілген кездесулерде өзекті мәселелер мен ауылдардағы тәртіп, әдептілік бағыттары да терең талқыға түсті.
Әр ауылдың сыйлы ақсақалдары Әбдібай Төлендиев, Тоқтан Шаянбаев, Несіпхан Қоңырбаев, Сәт Мәлібеков өздерінің ойларын ортаға салып, ізгі бастаманы қолдап, ауылдастарымен бірге келеңсіздіктермен күресетіндерін айтты.
Бұл мақсатта аудандық полиция бөлімі әкімдікпен бірлесіп, түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сатушыларды анықтау, жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта көңіл көтеретін орындарда жүруін тыю, тіркеудегі азаматтардың жай-күйін біліп отыру, заңсыз қару ұстап жүрген азаматтарды бақылауды міндеттеріне алған. Сонымен қатар, әр ауылға әкімдіктен жауапты өкілдер бекітіліп, тұрақты жұмыс жүргізіле бастады.
Кәмелетке жасы толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, интернеттегі алаяқтық мәселелеріне жол бермеу жағы да әр жиында ашық айтылып келеді. Аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы:
Әр ауылдық округте өткен жиындардың нәтижесі жаман емес. Әзірге үш ауыл «Ішімдік сатпайтын ауыл» тізіміне кіріп отыр. Алдағы уақытта жас ұрпақтың тәрбиесіне мән берілсе, ішімдіксіз ауылдар көбейе түсетіні анық. Осы бағытта ауданның атқамінер азаматтары тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл – өте ізгі және құптарлық қадам.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы