Толайым табыс еңбекпен келеді

Ел экономикасының еселенуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің маңызы ерекше. Бұл бағытта мемлекеттік жобалардың көмегі халыққа көп демеу беруде. Мәселен, ісін ілгерілетуге қабілетті өндірістің бірі – Бауыржан Момышұлы ауылындағы «AQ MOL-2025» cүт өңдеу цехы. Бұл кәсіпорын туралы баяндағанда, әріден қозғамаса болмайды. Цехты Орынбасар Мешелов 2000 жылдардың басында ашқан. Ол кезде «Мешелов» деп аталған. «Мешелов» цехы да аудандағы таңдаулы өндіріс орнына айналып, жемісті жұмыс істеді. Қазіргі таңда «Мешелов» өндіріс орнының негізінде «AQ MOL- 2025» cүт өңдеу цехы қайта құрылған. Оны бүгінде Орынбасар Мешеловтің ұлы Қуаныш Мешелов басқаруда.
Қуаныш мемлекеттік қызметте де жұмыс істеген тәжірибелі азамат. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын жақсы біледі. Жұмысты қалай жүргізу керектігін, қандай мәселені шешу керектігін көңілге түйген. 2016 жылы ашылған кәсіпорынға Болгария, Түркия мемлекеттерінен заманауи құрылғылар әкелінген. Сол құрылғыларды меңгеруге қабілетті мамандар да жеткілікті. Осыдан 7 жыл бұрын бұл цех тәулігіне 9-10 тонна сүт қабылдап, өңдей бастаған. Ал, жаз айларында 28 тоннаға дейін өнім қабылдай алады.
Аталған цехта ірімшіктің оннан астам түрі шығарылады. Атап айтқанда, «Голландский», «Костромской», «Сулугуни», «Сливочный», «Моцарелла», «Брынза», «Плавленый», «Гауда», «Фасованный» түрлері әзірленіп, тапсырыс берушілерді уақытылы қамтып отыр. Сүзбе, айран түрлеріне де сұраныс жоғары. Цехтың тасымал жұмысы 3 техникамен Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларына өнім жеткізеді. Ал, астаналықтар тапсырыстарын өз көліктерімен алып кетуге келіскен екен. Сыйымдылығы 100 тоннаны қамтитын 5 салқындатқыш, 40 тонналық екі мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Осында 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды.
Ірімшік дайындаудың шебері Жанет Фолошня, басқару аппаратының маманы Валерий Стрельников өнімді жұмыстарымен өзгелерге үлгі. Ал, сүзбе ірімшігін дайындау шебері Алтынай Шағанбаеваның да, жұмысшы Ирина Белогияньның да тындырымды жұмыстарына қызығатын жандар көп. Жұмысы өнімді аталған қызметкерлердің жалақысы да едәуір жоғары. «AQ MOL-2025» өнімдері еліміздің әр аймағына кеңінен таныс. Аталған өндіріс ошағының еліміз бойынша 25 өткеру нүктесі бар.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы