Бетқайнардың бренді

Облысымызда өткен жылдан бастап колледждерге бір мамандықты «Бренд» мамандық ретінде оқыту тапсырылған болатын. Өңірдегі №7 Бетқайнар колледжі осы мақсатта «Textile» мамандығын оқыта бастаған. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері үшін кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2023 жылдың қараша айында колледж базасында бизнес-инкубатор ашу жоспарланған болатын. Бұл оқу орны орналасқан Қордай ауданының экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп көзделген еді. Расында да күтілген нәтиже орындалғаны қазір байқалып та жүр. Олай дейтініміз, аталған мамандықта оқып, киім үлгілеу мен тігіншілікті меңгеріп, өз кәсібін ашқандар да аз емес.
Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «№7 Бетқайнар колледжі» – өңірдегі сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру орындарының бірі. Колледждің негізгі мақсаты – еңбек нарығында, кәсіби қызметке, мансаптық өсуге және тұрақты сапалы өмірге дайын мамандарды даярлау. Мұнда біз сөз етіп отырған «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығынан бөлек, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандарын да даярлайды.
Колледж түлектерінің арасында жұмысқа орналасқандармен қатар, өз бетінше кәсіп етіп жүргендер де баршылық. Себебі, мұнда оқуды тәмамдаған жас мамандарды жұмыспен қамту шаралары да ұйымдастырылады. Ал, оларға кәсіби білімді толыққанды үйрету үшін еңбектеніп жүрген педагогтердің ізденісін халықаралық, республикалық, облыстық конференцияларға, байқауларға белсене қатысып, кәсіби шеберліктерін арттырғандарынан байқадық. Бүгінде №7 Бетқайнар колледжі – үздіктер қатарында.
Жоғары сапалы білім мен үздіксіз даму жолында колледж биылғы оқу жылының басында «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясын иеленіп, білім беру саласында үздік атанды. Сонымен қатар, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 1 миллион теңге сертификатқа ие болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА