Таразда шетелдік оқу орындарының көрмесі өтті

Таразда шетелдік оқу орындары филиалдарының көрмесі өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында филиалдар керуені 10 және 11-сынып оқушыларына арналды. Көрмеде «Study in Kazakstan» шетелдік 20-дан астам жоғары оқу орындарының филиалдары таныстырылды.
Мектеп бітіруші жасөспірімдерге мамандық таңдап, болашаққа оң бағыт алуы үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен елімізде бастау алған бұл көрме кәсіптік жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтуді мақсат етеді.
Межелеген мұраты биік бұл көрмені жамбылдық жастарға ыңғайлылық үшін Таразда өткізуге мұрындық болған облыс әкімдігіне алғысын білдірген Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев күтілетін нәтижелер туралы да айтып өтті.
Жастарға кәсіби бағдар беріп жүрген, білім саласында 15 жылдан аса тәжірибесі бар, жастар әсіресе оқушылар арасында танымал педагог- профориентолог Айдос Жұманазар мектеп бітіруші сынып оқушыларына психологиялық кеңес берді.
Көрменің екінші бөлімінде волонтерлер мектеп түлектеріне көрмені аралатып, викториналық ойындарға қатыстырып, ой жүйріктігін шыңдайтын ойын ұйымдастырылды.
Кешке дейін жалғасқан көрмеге тек оқушылар емес, ата-аналар да келіп, шетелдік оқу орындары филиалдарының мамандарымен бетпе-бет пікірлесіп, кең мағлұмат алды.
Қамар ҚАРАСАЕВА