Әулиеатадағы әдеби кездесу

Әулиеата жерінің ұлт тарихында ғана емес, халықтың руханияты мен әдебиетінде де айшықты қолтаңбасы қалыптасқан. Ақын атын иеленген өңірде бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұған өткен жылы жергілікті қаламгерлерге қалың қолдаудың көрсетілгені анық дәлел бола алады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жалғасын табады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесуінде атап өтті.
Жиынға облыстағы жергілікті Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысты. Кездесуде биылғы жылдың еліміз үшін сындарлы әрі елеулі оқиғаларға, тарихи шешімдерге толы болғандығын атап өткен аймақ басшысы түрлі бағытта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін, әсіресе, мәдениет пен спорт, әдебиет пен өнер саласында көптеген жетістіктер болғандығына тоқталды.
Жиында Мереке Құлкенов облыс қаламгерлеріне көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, жергілікті қаламгерлер шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше екендігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Одақтың басқарма төрағасы өңір руханиятына жаңа серпіліс алып келетін ұтымды ұсыныстарын алға тартты. Олардың қатарында өңірдегі ақын-жазушылардың басын бір ортаға тоғыстыратын Шығармашылық үйін салу, облыстан шыққан үздік туындыларға Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби сыйлығын тағайындау, аудандардағы қаламгерлерді қолдау мақсатында «Алтын бесік» жинағын шығару, қаламгерлерге облыс әкімінің стипендиясын ұйымдастыру секілді бастамалар бар.
Өз кезегінде өңірдің зиялы қауым өкілдері аймақ руханиятын дамыту бағытындағы қолдаудың жыл сайын артып келе жатқандығын айтты. Республикалық «Құлагер» әдеби конкурсының бас жүлдегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин өңірде зиялы қауым өкілдерін қолдауға бағытталған игі бастамаларға ризашылығын білдіріп, жазушылар мен ақындар мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен бірге, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан бүгінде өңірде қаламгерлерге кең қолдау танытудың нәтижесінде жас әдебиетшілердің шоғыры қалыптасып келе жатқандығын атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін өңірде облыс әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Абай» баспасынан жергілікті 24 автордың кітаптары басылып шыққан болатын. Бұдан бөлек, былтыр облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында елімізге белгілі бірқатар қаламгерлер мен қайраткерлердің мол мұрасы насихатталып, кең көлемде дәріптелді. Атап айтқанда, облыста қазақтың біртуар ұлы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, сатирик ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығы, жазушы, журналист Мақұлбек Рысдәулеттің 75 жылдығы, сонымен бірге, жазушы- сықақшы Доқтырхан Тұрлыбектің 75 жас, сатирик Толымбек Әлімбекұлының, жазушы-журналист Талғат Айтбайдың 70 жас мерейтойлары аталып өтті.
Айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қа лмайтындығын ат ап өткен Ербол Қарашөкеев биыл аймақтағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия берілетінін жеткізді. Жиын соңында Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, Көсемәлі Сәттібайұлына «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы беріліп, талантты ақын Жұлдыз Бейсек пен Нұржан Әліш Жазушылар одағына мүше атанды.
Нұрболат АМАНБЕК