Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты іс

Өмірдің мәнін бір ауыз сөзбен ұғындыратын біздің дана халық «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», дейді. Бала да дәл солай, отбасында не көріп, қандай тәрбие алса, өз өмірінде соны қайталайды. Сондықтан, балалар арасында кездесетін тәртіпсіздіктерді тоқтатып, жасөспірім тұлғаларға дұрыс бағыт көрсету үшін мектеп ұжымымен ата-аналар бірігіп, тәлімдік іс жүргізсе ғана нәтижелі болмақ. Осы мақсатты көздеген Тараз қалалық білім бөлімі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Заң және тәртіп» айлығы шеңберінде «Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы» атты облыстық ата-аналар форумын ұйымдастырды. Оған білім беру мекемелерінің басшылары, мектептердегі ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңестері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және педагогтер мен ата-аналар қатысты. «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен форум аясында қатысушылар мен ата-аналарға «Балалар үшін маңызды» алаңы ұйымдастырылып, қала мектептері «Бір мақал, бір жұмбақ» әжелер іс-шарасын, Ұлттық ойындар шеруін, «Әжемнің ертегілері» қуыршақ театрын, «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» және «Ана көрген тон пішер» көрмелерін, «Отбасымен оқуға арналған 100 кітап» атты кітапfest көрсетті. Сонымен қатар, «Үйірменің үйретері көп» техникалық- шығармашылық және «Әлеуметтік, тәрбиелік жобалар шеруі» көрмелері, «Үздік іс-шаралар» фотокөрмесі де көпшіліктің назарына ұсынылды.
Отбасының қоғамдағы рөлі мен ба ла тәрбиесіндегі маңыздылығын арттыру, ата-аналар мен педагогтер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған форум барысында қоғамның өзекті мәселесі – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру кеңінен қозғалды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығын нығайту бойынша атқарылатын және ұсынылатын жұмыстар мен жобалар талқыланып, іс-шара өзара түсіністік пен қолдаудың алаңына айналды.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындады.
Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттері үшін қалалық полиция бөлімдерінің есебіне 53 оқушы алынған. Оның 49-ы мектептерде құрылған балалардың құқықтары мен мүддесін қорғайтын Бала өкілдіктерінің және мектеп парламенттерінің қатарына қамтылған. Олармен ашық алаң, дебат, пікір білдіру және «Маған көмек қажет» тақырыбында дөңгелек үстел мен қаланың тарихи-мәдени жерлеріне саяхаттар жүргізіледі. Бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін арттыру мақсатында «Аталар», «Әкелер», «Әжелер», «Аналар» және «Даналық мектебі», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» атты клубтары жұмыс істейді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін «Құмшағал» алқабында ашылған шығармашылық орталықта 8 бағыттағы үйірмелер жұмысын бастаған. Ағымдағы оқу жылы аталған орталыққа 400-ден аса бала қамтылады деп күтілуде. Бүгінде балаларды қосымша біліммен қамтып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қалада 5 мектептен тыс мекеме жұмыс атқарады. Оқушылардың 86,7 пайызы, яғни 67024 бала қосымша біліммен қамтылған.
Форумда сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова балалардың игілігі үшін қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Карбышев атындағы №16 орта мектебінің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесінің төрағалары Л.Сыздыкова мен Н.Сеидов ата-аналармен бірлескен әлеуметтік, тәрбиелік жобалар жұмысының іс-тәжірибесімен бөлісті.
№48 орта мектебінің «Ата-аналарды қолдау» орталығының үйлестірушісі А.Дөненбаева атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Форумның қорытындысында тақырыптық айлық шеңберінде өткізілген «Менің жұлдызды отбасым» байқауының жеңімпазы атанған отбасылар арнайы дипломдармен марапатталды.
Форум ата-аналар мен мүдделі тараптардың бірлесе әрекет етуіне ықпал етіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды десек, артық болмас. Білім беру мекемелерінде оқушыларды ата-аналарымен бірге қоғамдық жұмыстарға тартудың нәтижесі жемісті болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА