Шекара бойынан жаңа аллея ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қордай ауданында атқарылған жұмыс көп. Аталған акция аясында аудан орталығы Қордай ауылында аллеялар мен саябақтардың жаңа келбеті қалыптасуда. Сонымен қатар, елдің таза ауада демалып, қыдырып, серуендеуі үшін арнайы орындар көптеп жабдықталуда. Атап айтсақ, ауылдың Елім-ай көшесінде орналасқан су қоймасы жағалауынан жаңа аллея бой көтерді. Ол ауданда ресми түрде пайдалануға берілді.
Аталған нысан да «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. Заманауи аллеяның салынуы жайлы ақпарат бүгінге дейін әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жағымды пікірлерді молынан жинап үлгерген болатын. Осы себептен болар, ашылу салтанатына да ауыл тұрғындары көп жиналды. Жаңадан ашылған нысан дәл шекара бекетінің жанынан орналасқандықтан, ауылымызға ерекше көрік беретіні сөзсіз. Себебі, алыстан көрініп тұрған жасанды пальма ағаштары келушінің өзіне еріксіз назарын аударады. Аллеяның айналасы сәнделіп, маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Онымен қоса, серуендеушілер демалатын арнайы орындықтар қойылған. Мұнда қырыққа жуық шырша және отыздың үстінде «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Суқойманың жағажайына пирс жасалып, серуендеуге ерекше көңіл бөлінген. Кішкентай балақайларға арналып ойын алаңшасы да салынған.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы қатысып, жиналғандарды жаңа аллеяның ашылуымен құттықтады.
Аллеяның ашылу лентасын Қордай ауданының Құрметті азаматтары Құрманғали Уәли мен Төле Сүгірбай қиды. Дәстүр бойынша шашу шашылып, кейін іс-шараға келгендер аудандық өнер мектебінің суретшілері дайындаған көрмесін тамашалап, жас шахматшылардың ойынын көрді.
Еркін ҚАТБЕКОВ,
журналист.
Қордай ауданы