«Жарық дүниеде ізденгенге мүмкіндік мол»

Әр нәрсенің қадірін жоқ болса ғана білетін пендеміз, расында. Он екі мүшесі түгел сау кей кісілер «жұмыс жоқ» деп қайта оралмас қымбат уақытты бос өткізсе, мүгедектігі бар адамдар тіршілік жасап, алға ұмтылып, өмірге деген құштарлығымен тәнті етеді. Қос жанарынан айырылса да жеке кәсіпкерлігін ашып, еңбектеніп, отбасын асырап, онымен қоса спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген Ғалымжан Есімовті көпке үлгі десек болғандай. Ол кәсіпкер ғана емес, көп азаматтардың дертіне шипа дарытып жүрген массажист. Бүгінгі сандық техника дәуірінің мүмкіндігін пайдаланып, пайдалы ақпараттар тарататын блогерлікпен де өз қабілетін танытып жүр. Гитарамен ән орындайтын өнері де бар.
Қазақтың нағыз жеті қырлы, бір сырлы, қайсар жігіті Ғалымжанмен әңгімелесу адамды жігерлендіреді екен. Ол әрбір сөзінде «Жарық дүниеде ізденгенге мүмкіндік мол» дегенді қайталай берді.
Оның сөзінен де, іс-әрекетінен де жалықпас еңбекқорлық, үздіксіз ізденіс аңғарылады. Ол дүниедегі қиындықтар адамды ширатып, жаңа қырының ашылуына жетекші болады деп біледі.
Расында, айна лаңда іздейтін жақындарың, дос-жаранның қатары көп болғанға, ел-жұртыңның кәдесіне жарағанға не жетсін. Ал, біздің кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – массажист. Яғни, оны іздеп тұратын, дертіне дауа қонар деп шипалы алақанын күтетіндер де аз емес.
Өзі басынан кешкен тағдыр басқаларда да кездескен жағдайда күйзеліске түспей, қиындықты жеңе білу үшін қажетті әдістерді Ғалымжан видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап жүреді. Әсіресе, мүгедектікке ұшыраған жандардың жігерін жанитын арнайы спорт түрлерін, адамға қажетті істерді көбірек насихаттайды. Ол осынысымен де қоғамға пайдасын тигізіп, басқалардың жанына медет болуды көздейді. Ғалымжанның басты мақсаты – адамға пайдалы іс жасап, қоғамының керегіне жарау. Сондықтан, ол әрбір секундын бос өткізбеуге барын салады.
Қамар ҚАРАСАЕВА