Қоғам

Атаулы жылға арналған мақсат пен меже

The final spritzer

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, жұртшылықты жаппай шын еңбектеніп, адал табыс табуға үндеген болатын. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» – деген еді Мемлекет басшысы. Әрине, «жұмыс жоқ» деген сылтаумен қарап жатқан адамға ештеңе келмесі белгілі. Сондықтан, қазақ «Балық берме, қармақ бер» дейді. Жұмыссызға жәрдемақы бергеннен тұрақты табыс тауып отыратын жұмыс берген мемлекетке де әлдеқайда пайдалы. Сондықтан, елімізде өз кәсібін ашуға ниеттілерге қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие мүмкіндіктері қарастырылған. Ал, жұмыспен қамту іс-шаралары қандай? Өткен жылы облысымыздың қанша тұрғыны жұмыспен қамтылды, биылғы меже қандай?

Көкейдегі бұл сауалдардың жауабын облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрадық. Басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, облыстағы жұмыс күші 572 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар саны – 544,7 мың адам. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 362,4 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 182,3 мың адам. Биылғы жылы басқарманың жетекшілік ететін бағыттары бойынша әлеуметтік салаға 54,4 миллиард теңге қаралған. Бұл өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда 22 пайызға артық. 2024 жылы 42,4 миллиард теңге болған екен. Басқарманың жетекшілік ететін бағыттарының біріншісі – жұмыспен қамту.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46943 орын болып белгіленіп, өткен жылдың қорытындысында 52776 адам жұмысқа орналасқан. Яғни, межеленген жоспар 112,4 пайызға орындалыпты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына, яғни жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспары 31746 адамды құрап, нақты орналасқаны 35861 адам, жоспар 113 пайызға жүзеге асқан. Ал, биыл тұрақты жұмыспен 32 мың адамды қамту жоспарланған.

Электронды еңбек биржасында облыс бойынша өткен жылы 313 жоба енгізіліп, онда 3113 жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Жыл қорытындысында электронды еңбек биржасына белгіленген жоспарға сәйкес 311 жоба іске асырылып, бос жұмыс орындарына 3160 адам жұмысқа орналастырылыпты. Биылғы жылға 311 жоба белгіленіп, 3115 жұмыс орнын құру жоспарланған. Облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 15197 адамды тарту көзделіп отыр. Өткен жылы 16915 адам тартылып, жылдық жоспар 111,3 пайызға орындалыпты.

Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, яғни 1008 адамға 1,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, аталған санаттағы азаматтар жеке кәсіптерін ашқан. Биыл 1008 адамға 1,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында ағымдағы жылы 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта 362 адамға 1,8 миллиард теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда. Өткен жылы солтүстік өңірлердегі төтенше жағдайдың салдарынан қаржы жетіспеуі себепті жеңілдетілген несие берілмеген еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА