Жаңалықтар

Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру

The final spritzer

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», деп тапсырма берді. Президент ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу қажеттігін айтып, халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аударуды міндеттеді. Мемлекет басшысы тапсырған тапсырма мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының орталығы Қордай ауылында аудан тұрғындарымен кездесті.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы облыста экономикалық өсім 104,3 пайызды құраған. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасса, ауыл шаруашылығында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін былтыр 627 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 17-і комбайн, 48-і трактор, 65-і ауыл шаруашылығы техникасы, 118-і аспалы және тіркеме техникасы және 7 қызылша жинау комбайны алынған. Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8,9 пайызды құраған.

Өз кезегінде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындары алдында көлемді есептік баяндамасын жасап, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы барысындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы баяндамашыға «Инвестициялық жобалар пульты қалыптасқан ба?» деп сұрақ қоя келіп, бұл бағыттағы жұмыс барысын сұрады. Аудан әкімі бұл бағытта 4 ірі жобаның қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын айтты.

Аймақ басшысы Қордай ауданының әкіміне биыл кемі екі кен байыту фабрикасы салынып, жұмыс істеу керектігін, алтын өндірісі жанданып, олардан салыққа екі миллиардтан аса қаржы түсуі керектігін ескертті. Жиын барысында тұрғын үй құрылысы, аудандағы азық-түлік бағамын тұрақтандыру, әлеуметтік сала мен құқық қорғау бойынша да мәселелер жан-жақты қаралып, сараланды.

Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мықтыбек Алтыбайұлы Қордай ауылындағы орталық стадионды заман талабына сай қайта жабдықтауды сұрады. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты, Түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы, көпбалалы ана Камила Дургалова бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде қайта жаңғыртуды қажет ететін музыка мектебі, мұражай, жастар үйі мен кітапханаға уақыт талабымен үндесетін жаңа ғимарат керектігін жеткізді. Бұдан бөлек, ауданда неке қию үйі, Тараз қаласындағыдай этно-мәдени орталықтар отырып бірлесе жұмыс істейтін орталық салу үшін облыстан қаржы бөлуді сұранды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы аудандық аурухана мен емханаға жаңа ғимарат керек екенін айтты. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан жолды кеңейту, көпір салу, тағы басқа да мәселелер көтерілді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. «Бүгінгі кездесуде сіздердің тараптан көтерілген ұсыныстардың дені қаржы бөлу мәселесіне келіп тіреліп отыр. Сіздердің ұсыныстарыңызды облыс бюджетін қарау барысында назарға алып, жұмыс істейтін боламыз», – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиыннан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай ауданы