Бағаның төмен, сапаның жоғары болуы – басты назарда

Нарық бағамы құбылып тұр. Бұл қалыпты жағдай дегенмен жөнсіз өскен баға ең алдымен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретіні белгілі. Жалпы, қыс айларының соңына қарай көкөніс бағасының осылай құбылып кететіні елде биыл ғана орын алып отырған жоқ. Жылда қайталанатын үрдіс. Бір жылы сәбіз, келесі жылында пияз, биыл картопқа да кезек келді. Қазір мәселеге жауапты мамандар өнімнің бағасымен қоса, сапасын да жіті бақылауда.
Бүгінгі күні облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бағаны тұрақтандыру бойынша бірлесе жұмыс атқаруда. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры Манас Беріковтің айтуынша, акционерлік қоғам «TRZ Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен картоп бағасын көтермеу мақсатында келісімшарт жасасып, оның бір килограмын 100 теңге деп белгілеген. Бүгінгі күні жалпы көлемі 3000 тонна картоп өніміне №03-23/ЗСФ форварттық келісімшартқа отырған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ