Экономика

Аймақта алдағы төрт жылда бес миллионшаршы метр тұрғын үй бой көтереді

The final spritzer

Құрылыс саласында қарқын бар. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаевтың айтуынша, өткен жылы құрылыс басқармасы арқылы жобалық құны 255 миллиард теңге құрайтын 280 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бюджеттен 78,7 миллиард теңге бөлініп, бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілген. Сөйтіп былтыр 124 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Ал, 119 нысанның құрылысы жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі болған.

Бұдан бөлек, 2019-2023 жылдар аралығында тапсырылуы тиіс, мерзімдерін кешіктірген 17 сақалды нысанның құрылыс жұмыстары да былтыр аяқталған. Жоғарыда аталған жобалардың 128-і «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 94-і «Өңірлерді дамыту», 43-і «Ауыл – ел бесігі», 7-і «Жайлы мектеп», 16-сы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары мен жобалары және 8-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылған.

Мәселен, былтыр бір ғана білім саласында жобалық құны 36,6 миллиард теңгені құрайтын 29 білім нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 14-і жаңа мектеп, 10-ы жапсарлас құрылыс, 5-і жапсарлас құрылыс және негізгі мектепті қайта жаңғырту. Ал, өткен жылы 18,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, 13 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, 16 нысан биылғы жылға өтпелі. Өткен жылы Президент Әкімшілігінің бақылауындағы екі мектеп пайдалануға берілсе, мерзімдері кешіктірген төрт мектеп аяқталып, тапсырылған. Сонымен қатар, өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерге 12,5 миллиард теңге бөлініп, жыл қорытындысымен үш мектеп пайдалануға беріліп отыр. Оның екеуі Тараз қаласында, біреуі Байзақ ауданында берілген. Қалған төрт мектеп жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі.

Сол сияқты спорт және мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстар баршылық. Жалпы спорт саласында 2,4 миллиард теңгеге 16 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілсе, үш нысан құрылысы жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі. Ал, мерзімдерін кешіктірген бес спорт кешенінің құрылыс жұмысы аяқталып, мерзімінде тапсырылған. Сол секілді мәдениет саласы бойынша жобалық құны 4,9 миллиард теңгені құрайтын 15 нысанның құрылысына 2,3 миллиард теңге бөлінген. Сөйтіп, былтыр алты мәдениет үйінің құрылысы аяқталған. Мұның ішінде мерзімдерін кешіктірген екі мәдениет үйі бар. Қалған бес нысан құрылысы жоспарға сәйкес 2025 жылға өтпелі.

Ауыл шаруашылығы саласында 9 нысанға 2,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Талас өзені жағалауын бекіту, Қайнар шекара бөлімшесі жағалауын нығайту, Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту, Қайнар 3 800 гектар алқабына суармалы су құбырын жүргізу, 3 тоған (Андас-1,2,3), Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Т.Рысқұлов ауданында Қарақат су каналын салу жоспарланған. Сонымен жоспарланған бес нысанның құрылысы былтыр аяқталса, екі нысан құрылысы өтпелі, биыл аяқтау жоспарлануда.

Ішкі істер органдары және төтенше жағдайдың алдын алу бойынша бір казарма, бір ІІД бөліміне ғимарат, бір өрт сөндіру депосы құрылысына 0,7 миллиард теңге бөлініп, Үкімет бақылауындағы Қордай ауданындағы Қордай аудандық ішкі істер департаменті мен өрт сөндіру депосы пайдалануға берілген.

Инженерлік инфрақұрылым жүйесіне де тиісті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бұл мақсатқа бюджет қаражаты есебінен 84 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 14,5 миллиард теңге қаралған. Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысы үшін 9 жаңа алқапта 5,6 миллиард теңгеге 14 инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күні 5 жоба аяқталса, қалған жобалар осы жылға өтпелі. Бұдан бөлек алты кеңейту жұмыстарына 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бірқатары осы жылға өтпелі нысандар қатарында. Ал, республикалық маңызы бар индустриялық аймақты дамытуға 10 жоба жоспарланып, оны жүзеге асыру үшін ол жобаларға 1 336,2 миллион теңге бөлінді. Мұның барлығы да осы жылға өтпелі. Сондай-ақ, 47 ішкі алаңдық желі құрылысына 1,4 миллиард теңге қаралған. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,4 миллиард теңге 7 мектептің инженерлік-коммуникациялық жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. 5 жобаның құрылысы аяқталып, тапсырылған.

Былтыр құрылыс басқармасы 48 нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеген. Оның ішінде жобалық құны 130 миллиард теңгені құрайтын 22 жобаның оң сараптама қорытындысы алынса, 26 жоба бойынша жобалау жалғасуда. Соңғы жобаның 9-ы сараптама қарауында, 17-і әзірленуде. «Басқармадан өтетін барлық жобалар міндетті түрде Сәулеттік бюроға жолданады. Барлығы 28 жоба ұсынылып, 19-на келісім алынды, сегізі қарауында, біреуі кері қайтарылды. 2025 жылға 5 жаңа жобаны әзірлеуге қаржы бөлінген. Биыл құрылыс басқармасы арқылы жобалық құны 198,2 миллиард теңгені құрайтын 176 жобаға бюджеттен 53,2 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Оның 156-сы осы жылы тапсырылуы тиіс болса, 20-сы келесі жылға өтпелі. Аталған жобалардың 59 нысаны «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 79-ы «Өңірлерді дамыту», 29-ы «Ауыл – ел бесігі», 4-і «Жайлы мектеп» және 5-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылды. Құрылыс басқармасы тапсырысшы болып табылатын жобалық құны 77,1 миллиард теңгені құрайтын 42 жобаға бюджеттен 24,6 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізіледі. Оның 34-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 8-і келесі жылға өтпелі», – дейді басқарма басшысы.

Ал, биыл жеті денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 3,5 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда, БСЛ-3 цехы, бір емхана, орталық аурухананы қайта жаңғырту, орталық аурухананы қайта жоспарлау, екі дәрігерлік амбулатория, бір денсаулық сақтау нысанының инженерлік желілері жаңартылады. Спорт саласында 14 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, биыл алты спорттық сауықтыру кешенін пайдалануға беру көзделсе, қалғаны алдағы жылға өтпелі нысандар. Мәдениет саласында 12 нысанның құрылысына тиісті қаржы бөлініп, биыл 10 нысанда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау көзделген.

Ауыл шаруашылығы саласында 5 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге 1,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен Тасөткел бөгеті қайта жаңғыртудан өткізілсе, Қайнар 3 800 гектар алқапқа суармалы су құбыры тартылады, Андас-3 тоғаны, Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Т.Рысқұлов ауданында Қарақат су каналы жасалады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ.