Екі қолға бір күрек ұсынған жәрмеңке нәтижелері еселеп артады

Тараз қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Облыстың Еңбек мобильді орталығының Тараз қаласы бойынша «Мансап орталығы» филиалы ұйымдастырған жәрмеңкеге қала аумағындағы тұрақты жұмысқа 25 жұмыс берушілерден 180 бос жұмыс орындары ұсынылды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібековтың айтуынша, биылғы Жұмысшы мамандықтары жылында мұндай жәрмеңкелер жылдағыдан көбірек ұйымдастырылатын болады.
Атаулы жылдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің алғашқысы Тараз қаласынан бастау алды, алдағы уақытта аудандарда да жалғаспақшы.
Облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы, Тараз қалалық №1, №2, №3 Пробация қызметі бөлімінің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 97 жұмыссыз адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасты. Нәтижесінде 17 тұрғын жұмысқа орналасты, оның ішінде 15-і тұрақты жұмысқа, екеуі жастар тәжірибесімен белсенді шараларға тартылды. Жәрмеңкеге келушілерге орталық мамандары жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандырып, кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында кеңес берді.
Өткен жылы ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне 5 мың 814 жұмыссыз қатысқан. Оның ішінде 2658-сі әйелдер болса, 1852-сі 35-жасқа дейінгі жастар, 161 мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жәрмеңке қорытындысымен 709 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданып, жастар тәжірибесіне 319 жас, «Күміс жас» бағдарламасына 140 кісі, әлеуметтік жұмыс орындарына 51 тұрғын жолданған. Тұрақты жұмыс орындарына орналасқан жұмыссыздар саны 1 мың 314 адамды құрап, 3386 адам жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алған. Барлығы 2 мың 583 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның ішінде 1 мың 314 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасыпты.
Қамар ҚАРАСАЕВА