Жас қызметкерлерге қолдау көрсету – аса маңызды
Бүгінгі таңда елімізде Ішкі істер органдары саласында тәлімгерлік кеңес жұмысы жолға қойылған. Бұл – жас мамандардың қиындығы мол қызметке тез бейімделуіне әрі олардың кәсіби даярлығының артуына өз септігін тигізуде.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесі режим бөлімшесінің бастығы, әділет капитаны Бақтияр Махатов дәл осы салада мол тәжірибесі бар азамат. Бақтияр Қанатұлы бұл күнде жамбылдық ҚАЖ қызметкерлерінің қатарын толықтырған нәзікжандыларға бағыт-бағдар беріп, лауазымдық нұсқаулықтарын сапалы орындауға көмектесіп жүр.
Жуырда қос қызметкердің тәлімгері, режим бөлімшесінің бастығы, әділет капитаны Бақтияр Махатов пен тәрбие және кадр жұмысы тобының аға инспекторы, әділет лейтенанты Санат Аманжол қызметтен тыс уақытта олардың отбасы жағдайымен танысып қайтты.
Айта кетейік, аталған мекемедегі режим бөлімшесінің ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушылары, әділет қатардағы Аида Шапай мен Гүлназ Қылышбай өткен жылдың желтоқсан айынан бері осы салада еңбек етіп келеді. Жас қызметкерлердің басты міндеті – бейнебақылау арқылы заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу.