Аудан спортын алға жетелеген

Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ел Президенті адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жыл бойы еліміздегі түрлі салада маңдай терімен еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды насихаттау арқылы олардың мәртебесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде адам бойындағы еңбекқорлық, кәсібилік секілді ерекше қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге сеп болмақ.
Өзінің маңдай терімен талай табысқа жетіп, көптің ықыласына бөленіп жүрген азаматтардың бірі – Қаракемер ауылының тұрғыны Ғани Садықов.
Қарапайым ауыл мұғалімі болғанына қарамастан оның шәкірттері бүгінде футболдан облыс, республикалық жарыстардың жеңімпаздары. Өз мамандығына адал азамат үйірме негізінде Қаракемер ауылынан футбол командасын құрып, балаларды бос уақытында спортқа баулиды. Үздік команда құрып, оқушыларды түрлі жарыстардан қалдырмайды. Бұл 16 жыл еңбек өтілі бар ұстаздың дене шынықтыру пәніне бөлінген жүктемесінен бөлек, ерекше ынта-ықыласпен жасайтын сүйікті ісі бұл.
Жаттықтырушының бұлай деуіне де толық негіз бар. Өйткені, оның командасы жергілікті деңгейдегі жарыстар мен республикалық додаларда үлкен және кіші футболдан жүлделі орындар алып, Францияға да екі мәрте жолдама жеңген. Алайда, сол кездегі пандемиялық ахуал Ғанидың шәкірттеріне кәрі құрлықта бақ сынауға мүмкіндік бермеген. Десек те, ұстаздың шәкірті Бекжан Рзатаев Ұлытау командасы сапында екінші лиганың чемпионы атанып, бірінші лигада екінші орын иегері атанса, тағы бір қаракемерлік футболшы Санжар Кемелбек «Тараз» жастар құрамасының сапында өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, кіші футболдан Кемелбек Рамазан мен Қапал Алдияр Алматы лигасында доп тепсе, Қайырғали Бағдаулет оңтүстік астанада академияда өнер көрсетеді.
Осындай жетістіктері үшін педагог 2020 жылы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстаздық мансабымен қатар, жаттықтырушылық міндетін де адал атқарып жүрген азамат бүгінде адал еңбегімен көпке үлгі болып келеді.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы