Спорт және туризм

Серіктің серті - Елдостың ерлігін қайталау

The final spritzer

Ел еңсесі енді-енді тіктей бастаған жаңа ғасыр тоғысында дүниеге келген сәбилердің алды бұл күнде жиырма бес жасқа қадам басты. Ата-анасы, бүкіл әулеті мен жалпақ жұрт үміт күткен солардың ішінде Алаш жұртының мақтанышы – Елдос Сметов секілді дзюдо спортын серік еткендер аз емес. Әсіресе, жалындап өсіп келе жатқан дарынды жастардың көптігі қуантады. Ал, біздің назарымызға іліккен жас өрендердің бірі – Серік Даниярұлы.

Ол – Тараздың тумасы. Жас спортшымен танысқан бетте-ақ оның зиялы отбасында туып-өскені бірден байқалды. Ой-өресі биік таланттың жасы небәрі 21-де. Десе де, ол тілдесу барысында тартымды әңгіменің тиегін ағытып, пайымды пікір айта алды. Кейін білдік, жас балуанның шыққан жері тегін емес екен. Атасы Абдулла Бақберген өңірімізге белгілі азамат. Немересін білімге құштар ғып өсірген ақсақал спортқа да өзі берген. Содан болар, Серік үнемі оқып, ізденіп, салауатты өмір салтын берік ұстанады.

Жалпы, Серіктің спорттық көрсеткіштері де жақсы. Ол бұған дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз атанған. Екі жыл бұрын ересектер арасында ел чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Дәл осы нәтиже былтыр Семей қаласында ұйымдастырылған Қазақстан Кубогында да қайталанды. Сондай-ақ, облыс чемпионатында қазақ және самбо күресінен қарсылас шақ келтірмеді. Тұлғасы келіскен, бітім-болмысы бөлек ұлдың ендігі арманы – Азия және Әлем чемпионаттарында атой салу. Бастысы, Олимпиада ойындарында топ жарып, еліміздің бетке ұстар дзюдошыларының біріне айналу.

Бір байқағанымыз, Серіктің жүріс-тұрысы мен сыртқы пішімі өзгергенімен, жан дүниесі мен көңілі әлі де бала қалпында екен. Бозбала өмірдің біраз өткелінен өткен ол жас балаша аңқылдап тұр. Кім біледі, бүгінгі бозбала уақыт өте спорт әлемінде әбден ысылған нағыз майталманға айналар. Әрине, ол үшін аянбай тер төгіп, кездескен қиындықты еңсере білу керек. Сонда ғана мақсат-межеге анық қол жеткізуге болады. Мұны жақсы білетін Серік өз кумирі, сан сүрлеуден сүрінбей өткен Елдостай ердің үшінші Олимпиадасында тұғыр биігіне көтерілгенін де естен шығармауы тиіс. Сәттілік серігің болсын, Серік балуан!

 

Есен ӨТЕУЛІ