Инвесторлар қатары жыл санап артуда
Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», деді Президент. Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты облысымызда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың игілігін ел көруде.
Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бүгінгі күні аудан әкімдіктері мен мүдделі басқармалар, облыста «Zhambyl Invest» сондай-ақ, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы және басқа мекемелермен жинақталған 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобалар базасы қалыптасқан. Онда барлығы 5500 жаңа жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Бұл жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр энергиясы және туризм салаларын дамытуға бағытталған. Ал, өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 506,8 миллиард теңгені құраған.
Сонымен, аймақта инвестициялық жобаларды тарту және сүйемелдеу бойынша «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылып, жұмыс істеуде. Ол құрылған сәттен бастап 135-тен астам кездесу, 150 консультациялық кеңестер беріліп, инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы 18 келісімге және меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, шет елдегі қалалармен бауырластық қатынастар орнатылып, Қытай мен Түркия мемлекеттеріне алты іс-сапар ұйымдастырылған. Әріптестік байланыс аясында Түркия, Қытаймен қатар Парсы шығанағы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі алты инвестормен келіссөздер жүргізілген.
Облыста құрылған арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс бастаған инвесторлар қатары да жыл санап артуда. Мәселен, алдағы уақытта «Тараз» арнайы экономикалық индустриялық аймағының аумағында 137 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларды іске асыру аясында 1326 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұдан бөлек, облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтары 180 гектарға құрылған. Бұл субаймақтарда әрбір аудан ерекшелігіне байланысты орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылмақ. Бүгінгі күні «Талас» субаймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін биыл облыстық бюджеттен 869 миллион теңге бөлінген. Оның 64 миллион теңгесі газбен жабдықтауға, 164,4 миллион теңгесі сумен жабдықтау және кәріз желілеріне, 579,5 миллион теңге электрмен жабдықтаудың 2-ші кезегіне, ал 61,7 миллион теңге электрмен жабдықтаудың бірінші кезегіне қарастырылған.
Ал, «Тараз қаласының индустриялық аймағын сыртқы электрмен жабдықтау схемасы» (1-кезек) – 1,4 миллиард теңгені құраса, «газбен жабдықтаудың» бірінші және екінші кезегі құрылысына – 403 миллион теңге, «кәріз және сумен жабдықтаудың» 1-ші және 2-ші кезегіне» – 458,3 миллион теңге, «Тараз» индустриялық аймағының байланыс желілері жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және сараптамадан өткізу үшін – 7,9 миллион теңге, «Тараз қаласының индустриялық аймағын сыртқы электрмен жабдықтау схемасының» (2-кезек) жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу және сараптамадан өткізу үшін – 16,5 миллион теңге қаражат бөлінген.
Сондай-ақ, облыста «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Облыстық комиссияның шешімімен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Оның 13-і республикалық бюджеттен, 2-еуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ