Әлеумет

Әйелдерді қолдайтын бастамалар тоқтап қалмауы қажет

Гендерлік алшақтық қоғамның экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректері бойынша гендерлік теңдік принциптері сақталатын елдер экономикалық тұрғыдан тұрақты дамиды, еңбек өнімділігін арттырады және әлеуметтік тұтастықты жақсартады.

McKinsey Global Institute бағалауы бойынша қызметтегі гендерлік алшақтықты жою 2025 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімге 12 триллион АҚШ долларына дейін үлес қосар еді. Гендерлік тепе-теңдікті ескере отырып құрылған бизнес көбіне табыс көрсеткіштері бойынша бәсекелестерден 21 пайызға жоғары көрсеткіш көрсетеді. Бұл гендерлік паритеттің экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарын айқындайтын деректердің аз ғана бөлігі (өркениетті қоғамдағы әйелдердің құқықтарын сақтау қажеттілігінің моральдық аспектісін ескермегенде).

Қазақстан гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде былтыр 146 орынның ішінде тек 76-ыншы орынға орналасты, ал бір жыл бұрын 62-інші орында тұрған болатын. ҚР посткеңестік елдерінің ішінде тек Қырғызстаннан (90-ыншы орынға ие), Әзірбайжаннан (103-інші орын) және Тәжікстаннан (112-інші орын) озды.

Ерлер мен әйелдер үшін тең жағдайды ұсынатын ең жақсы ел болып Исландия танылды. Жалпы алғанда, гендерлік теңдіктің ең жоғары деңгейі сақталған топ-5 мемлекеттің төртеуі Солтүстік Еуропада орналасқан. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында Литва (11-інші), Молдова (13-інші), Эстония (29-ыншы), Латвия (30-ыншы) жоғары орындарға ие болды.

Естеріңізге салсақ, жаһандық гендерлік алшақтық индексі жыл сайын гендерлік паритеттің қазіргі жағдайы мен эволюциясын төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды — экономикалық қатысу және мүмкіндіктер, білім деңгейі, денсаулық пен өмір сүру, әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейту. Индекс 2006 жылдан бері осы санаттардағы гендерлік алшақтықты жою бойынша елдердің ілгерілеуін қадағалап келеді.

Мұндай жағдайда қазақстандық әйелдерді қолдайтын кез келген бастаманың еліміз үшін маңызы зор. Халықаралық сыйлықтармен марапатталған осындай бастамалардың бірі – Отбасы банкінің әйелдерге жеңілдікпен берілетін «ҰМАЙ» ипотекасы. Отбасы банкі «ҰМАЙ» бағдарламасын Азия даму банкімен (АДБ) серіктестік орната отырып жүзеге асырады. Бұл жоба 2021 жылдан бастап іске қосылды және Қазақстанның 3 661 тұрғынына (әйелге) мегаполистерден, облыс орталықтарынан және шағын қалалардан тұрғын үй алуға көмектесті (АДБ қаражаты есебінен 38 миллиард теңге сомасында 3 356 кредит берілді, қайтарымды және меншікті қаражат есебінен 3,2 миллиард теңге сомасында 305 қарыз берілді). «ҰМАЙ» ипотекасының үлкен бір артықшылығы мынада – кез келген отбасылық жағдайдағы, кез келген жұмыспен қамту саласындағы әйелдерге арналған, тіркеу, тұрғын үйдің бар-жоғы маңызды емес, сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша жаңа тұрғын үйді де, қайталама нарықтағы пәтерлерді де сатып алуға болады.

2025 жылы «ҰМАЙ» ипотекасы қайтадан іске қосылады: 1 қарашада Отбасы банкі мен АДБ «Қазақстан Республикасында инклюзивті және «жасыл» тұрғын үйлерді қаржыландыруға жәрдемдесу жобасы» атты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат елдегі экономикалық өсімінің тұрақтылығына, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілетуге және «жасыл» құрылысты қолдауға ықпал етуге арналған. Ынтымақтастық аясында АДБ Отбасы банкіне несие береді, ал Отбасы банкі бірден екі тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырады, бағдарлама «ҰМАЙ» жобасынан бөлек, «Жасыл ипотека» бағдарламасын да қамтиды.

«ҰМАЙ» бағдарламасының шарттары да жақсарып келеді. 20 пайыз мөлшеріндегі бастапқы жарна сақталады, алайда бағдарламаға кіру үшін табыстың ең жоғары деңгейі 950 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 50 миллион теңгеге дейін көбейеді.

Дәл осы бағдарламаға назар аударған себебіміз – тұрғын үй әйелдердің де, олардың отбасылары мен балаларының да әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі фактор болып табылады. Зерттеулер жеке тұрғын үй – әл-ауқаттың іргетасы екенін растап отыр. Өзіңіздің жылжымайтын мүлкіңіздің болуы – қаржылық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді әл-ауқаттың кепілі. АҚШ-тың Санақ бюросының мәліметі бойынша үй иелерінің активтерінің орташа таза құны жалға алушыларға қарағанда 80 есе көп. Сонымен қатар, зерттеулер көрсеткендей, жеке тұрғын үйдің болуы балалардың білім нәтижесінің жақсаруына, денсаулықтың мықтылығына және азаматтық белсенділіктің жоғарылауына ықпал етеді. Атап айтқанда, АҚШ-та тұрғын үйге иелік ету тіпті балалардың оқу және математика нәтижелерін 7 пайызға жақсартқан.

«ҰМАЙ» сияқты бағдарламалар Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан қажет. Шындығына келгенде, кез келген мемлекет қаржылық тұрақтылыққа, азаматтық белсенділікке, халықтың денсаулығы мен білімін жақсартуға ұмтылады. Елімізде осындай бастамалар көп болса, гендерлік теңдіктің әртүрлі жаһандық рейтингтерінде Қазақстан позициясы әлдеқайда жоғары болары анық, себебі әйелдердің теңдігі мен құқықтарын қорғау БҰҰ-ның Орнықты дамуы мақсаттарында жазылған.

Бұл ретте қоғамда әйелдердің белсенділігі мен саясаттағы рөлін мығымдай түсу мақсатында Жамбыл облысында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен 2023 жылы аймақта Amanat партиясының облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты ашылған болатын. Аталған әйелдер қанаты төрағасының кеңесшісі Айман Әшімованың айтуынша бұл партия ішіндегі құрылым ғана емес, бастамаларға арналған платформа, әйелдердің дауысы.

Аймақта әйелдер саны жалпы халықтың 50,5 пайызын құрайды. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және көпбалалы аналар бар. Көшбасшы әйелдердің басым бөлігі (75 пайыздан астамы) білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызмет етеді. Аймақ кәсіпкерлік субъектілерінің 107-нің ішінде 42 пайызын әйелдер басқарады. Партия мүшелерінің де көпшілігі әйелдер, олардың үлесі 66,6 пайызды құрайды (барлығы 54 мың адам). Әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың құрамында әйелдер 20,3 пайызды құрайды (201 депутаттың 41-і әйел: тоғыз – облыстық, жеті – қалалық, 25 – аудандық мәслихаттарда). Алайда, 150 ауылдық округ әкімі арасында әйелдердің үлесі небары 3,8 пайызды құрайды (алты адам). Жергілікті атқарушы органдар басшыларының ішінде 25 облыстық басқарманың үшеуін әйелдер басқарады, бұл 12 пайызды құрайды. Басқарма басшыларының орынбасарлары арасында жеті әйел бар, бұл 15 пайызға тең.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ