Игіліктің бастауы – инфрақұрылымды дамыту
Жыл басында ел Президенті республикалық «Ana tili» басылымына берген сұхбатында қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру маңызды міндет болып қала беретінін жеткізген болатын.
Сұхбатта Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы іске асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылғанын атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде де жалғасын табуда. Облыстың әлеуметтік инфрақұрылымдағы әлеуеті туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өткен жылғы есебінде атап өткен болатын. Жалпы, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Мәселен, былтыр 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынған. Сондай-ақ, 2 830 баспана кезегіндегі азаматтар әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Өткен жылы облыс аумағында «Отбасы банк» АҚ-ның «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы 840 отбасы баспаналы болған.
Жалпы, биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен 2 550 пәтерлі 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Оның ішінде, Тараз қаласындағы «Әулие Ата» жаңа шағын ауданында құрылысы бастау алған 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Бұдан бөлек, Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысын ағымдағы жылы бастау үшін 7,7 миллиард теңге өтінім ұсынылған.
Облыста коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тұрғындардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін 68 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал, елді мекендерді газдандыру аясында өңірде 12 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 3 елді мекен табиғи газбен қосымша қамтамасыз етіліп, газбен жабдықтау деңгейі 91,3 пайызға дейін жетті. Облыста «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдары бюджет қаражаты есебінен 12,6 миллиард теңгеге аймақтағы газбен қамтылмаған жалғыз аудан Мойынқұмдағы елді мекендерді газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осылайша биыл газбен қамту деңгейін 91,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Білім саласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде 36 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде оқу ошақтарының 13-і іске қосылса, оның 3-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асты. Алдағы жылдары оқушы орны тапшылығы бар – 7, үш ауысымды – 3, тозығы жеткен – 3 және 2 апатты мектептер мәселесі шешілмек. Қазіргі таңда 9 мектеп және 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 21 білім беру нысанының құрылысын аяқтау, 10 мектепті жаңғырту және өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік жүйені енгізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан да ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын», – деп бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы жоғары екенін атап өткені белгілі. Бұл бағытта спорт саласына өткен жылы жергілікті бюджеттен 15,8 миллиард теңге бөлінген. Облыс аумағында 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 4 спорт кешені мен 103 спорт алаңдары пайдалануға беріліп үлгерді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 6 спорт кешенін қолданысқа беру көзделуде. Биыл халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейін 66, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесін 41 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, аймақ басшысы көлік-логистика саласын жаңғырту бойынша өңірде жүзеге асып жатқан жол құрылысы жобаларын да атап өтті. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Былтыр автожол саласын дамытуға 25,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 710 шақырым жол қамтылған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99 пайызға жеткен. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл да Ұлттық инфрақұрылым жоспарына сәйкес өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.
Басқарма басшысының сөзінше, бөлінген қаржы ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар, елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталып, тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар автожолдардың бойында үй жануарларының жолға шығу ықтималдығы жоғары орындарға 45 жануардың, мектеп алдындағы жаяу жүргінші жолақтарының алдына 39 оқушының макеттері орнатылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, үнемделген қаражат есебінен Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында 1,2 шақырым жасанды жарық орнату жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесін 99,5 пайызға, ал көше жол желісін 89 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Нұрболат АМАНБЕК