Қоғам

Алты тонна заңсыз есірткі заты тәркіленді

The final spritzer

Заманның зұлмат дерті саналатын есірткі қылмысына қарсы күрестің бір сәтке де толастаған күні жоқ. Десе де, есірткінің құлына айналып, өз өміріне балта шауып жатқандар азаймай тұр. Өкініштісі, есірткіге елтігендердің арасында жастар мен жасөспірімдердің саны артып барады. Ал, «қара бизнестің» көрігін қыздырушылар адам тағдырын ойыншық қылып, бас пайдалары үшін бала еңбегін де пайдалануға үйір.

Осы себепті, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Шын мәнінде, бұл – бүгінгі өмір талабымен қатаңдатылған, өте уақтылы қабылданған заң жобасы. Өйткені, «ғасыр індетінің» таралымы күннен-күнге асқынып барады.

Иә, бұл күн де құзырлы органдар тарапынан есірткі қылмысының алдын алу бойынша көптеген шаралар жүргізіліп жатыр. Біздің өңірде де есірткі қылмысын әшкерелеу, осынау індеттің жолын кесу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылған. Мәселен, өткен жылы жамбылдық полицейлер шамамен 6 тонна заңсыз есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары есепті кезеңде контрабандалық 13, наша өсірудің 9, есірткі заттарын пайдалану үшін «орынды» қамтамасыз ету және ұйымдастырудың бір дерегінің жолын кесті. Бұдан бөлек, заңсыз айналымдағы 5 тонна 911 килограмнан астам түрлі есірткі заты тәркіленген.

Өкінішке қарай, арам ниетті қылмыскерлердің құрықтарына жасөспірімдер көптеп түсіп жататыны жасырын емес. Тіпті, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда ақылға қонымсыз түрлі әдіс- айлаларды ойлап тауып жатыр. Алайда, ел азаматтары есірткі өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және қылмысы дәлелденген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын ұмытпағандары жөн. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков осы жылдың 3 наурызында күшіне енетін Президент қол қойған заңның құқықтық салдарын түсіндіріп өтті.

 

Есен ӨТЕУЛІ