Экономика

Аймақта 80 инвестициялықжоба іске асуда

The final spritzer

Мемлекет басшысы Жолдауында шетелдік және отандық инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Президент тапсырған міндеттер облысымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Ал, «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Президентіміз «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан, кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – деп айрықша атап өтті.

Президент айтқандай, мемлекет елде шағын және орта, сонымен қатар ірі бизнесті дамытуға мүдделі. Бұл істе отандық кәсіпкерлерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдары да айтулы үлес қосуда. Облыстағы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, аймақта жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрайтын 80 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде, жалпыұлттық пулға 2,6 триллион теңгені құрайтын 49 жоба енгізілген. Ал, 41 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада орналастырылған, бұл 1,4 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Атап өтерлігі, палата тарапынан атқарылған жұмыстардың қатарында жобалық құны 55,7 миллиард теңгелік «Корпорация Қазақмыс» ЖШС-нің жаңа байыту фабрикасын салу, құны 2,8 миллиард теңге тұратын «KARATAU CHEMICALS» Қаратау қаласында натрий пиросульфитін өндіру жобалары бар. Сондай-ақ, жобалық құны 2 миллиард теңгені құрайтын «Көксай ресорт» Этно-туристік демалыс аймағын салу және құны 67,2 миллиард теңге болатын «Zhanashyr Project» ЖШС-нің «Жайсан» кен орнын өнеркәсіптік игеру жобалары да ашылған нысандар қатарында. Қалған 7 жобаның қабылдау актілері жергілікті атқарушы органдарда міндетті есепке алу сатысында, құрылыс және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органның мемлекеттік қала құрылысы кадастрында тіркелуде.

Бұдан бөлек, «Жасыл дәліз» механизміне бірнеше жоба енгізілген. Палата директорының айтуынша, олардың қатарында жобалық құны 30 миллиард теңгені құрайтын «Talas Investment Company» ЖШС-нің натрий цианиді мен аммоний сульфаты өндірісін кеңейту жобасы бар. Бұл жоба осы айда іске асырылады деп күтілуде. Келесі жүзеге асырылатын жоба құны 500 миллиард теңге тұратын «Еврохим-Қаратау» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар өндірісі. Мұны 2027 жылдың 31 желтоқсанында іске қосу жоспарланған. Сонымен «Жасыл дәліз» механизмі мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге, инвестициялар тарту кеңесіне міндетті түрде шығарып, сондай-ақ «Kazakh Invest» мақсатты топтың толық қолдауымен жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған.

«Жалпы, инвесторларды сүйемелдеу аясында, проблемалық мәселелерді шешу мақсатында, жобаның бастамашылары, KAZAKH INVEST, ЖАО қатысуымен облыс прокуратурасы жанындағы фронт-офистің отырыстары, сарапшылар кеңесінің отырыстары, сондай-ақ инвестициялар мәселелері бойынша мәжілістер ұйымдастырылып, онда Прокурордың сүзгі жобасы мен прокурордың инвесторларға қатысты тыйым салатын шараларды келісу ережелері туралы ақпарат беріледі. Өткен жылдың 27 қарашасында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аймақтық инвестициялық штабтың бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында 8 жоба қаралды. Сондай-ақ, облыс прокуратурасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 21 инвестордың жалпы сомасы 594 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаларының мәселелері шешілді. Оның ішінде жалпы құны 320 миллиард теңгені құрайтын 5 шетелдік инвестор бар», – дейді Еркін Садуақасұлы.

Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден түскен арыздар мен өтініштер тұрақты бақылауға алынған. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлер палатасына өңір тұрғындарынан 143 өтініш түскен. Оның 107-і бизнес құқықтарын қорғау бойынша түскен болса, бүгінгі күні бұл өтініштердің 22-і оң шешімін тапқан. Негізінен түскен өтініштердің көпшілігі мемлекеттік сатып алулар, жер мәселелері, құрылыс және сәулет саласына қатысты. Сонымен кәсіпкерлік палата тарапынан қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрады.

Бұдан бөлек, бизнеске сервистік қолдау көрсету шеңберінде 7 мыңнан астам қызмет пен консультация көрсетілген. Шамамен бұл сервистік орталықта 3 мыңнан аса адамға көмек көрсетілсе, 100-ден астам бизнес-жоспар жазылған. Ал, палата өңір тауар өндірушілеріне 249 СТ-КЗ сертификатын, 30 индустриалдық сертификат пен 7 489 экспортталатын тауарларға шығу сертификатын берген.

Сондай-ақ, өңірімізде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жылда көрме ұйымдастырылады, оған былтыр 100-ге жуық жеке кәсіпкер қатысқан. Жобаның мақсаты – өңірде өндірістік процесті жетілдіру, өнімді сертификаттау, маркетингтік қолдау көрсету. Оның бүгінгі күні 4 жеңімпазы анықталды. Оның бірі – «Береке» жеке кәсіпкерлігі. Бұл кәсіпкер сабын және сусабын өндірісімен айналысады. Кәсіп иесі – Жадыра Егеубаева. Келесі жеңімпаз «ККК» ЖК. Кәсіпкер Қайрат Қадырбаев ағаш көмірін өндіреді. «Жанбота» ЖК шөп шайы мен шай жиынтықтарын өндіреді, ол шаруаны жеке кәсіпкер Жанбота Жарасқызы жүзеге асырып отыр. Ал, «Фариза» ЖК жетекшісі Шарипа Қамбарова болса сүт өнімдерін дайындаумен айналысу үстінде. Мұның алдындағы жылы «Берекелі бақ» ЖК иесі Бахыт Мажинова құрғақ қауын, ал «Сырым» ЖК жетекшісі Күнсая Әмірова құрғақ көкөністер жобаларын жүзеге асыру арқылы жеңіске жеткен екен.

Тағы бір атап өтерлік жайт, кәсіпкерлер палатасы әйел кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөліп келеді. Еркін Садуақасұлының айтуынша, бүгінгі күні палата құрамында 150-ден астам әйел кәсіпкер бар. Онда әйел кәсіпкерлер кеңесі жұмыс істеуде. Жалпы, палата тарапынан 3 мыңнан астам әйел кәсіпкерге палатаның барлық қызмет түрлері бойынша төрт мыңнан астам қызмет көрсетілген. Статистикалық мәліметке жүгінер болсақ, аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлікте әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 52 пайызды, яғни 55 мың субъектіні құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігінің ең жоғары концентрациясы саудада – 50 пайызды, қызмет көрсету саласында – 29 пайызды, ауыл шаруашылығы саласында 21 пайызды құрайды екен. Президент сөзімен қорытындылайтын болсақ, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ