Экономика

«Ақылды фермалар» табысты арттырып, өнімділікті өсіреді

The final spritzer

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауыл және мал шаруашылығы өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған. Бұл талаптың үдесінен бүгінгі таңда Жамбыл ауданының шаруалары шығып отыр. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауданда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі жақсы дамып келеді.

Бүгінгі күні Жамбыл ауданында жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын екі тауарлы сүт фермасының құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның бірі Өрнек, екіншісі Көлқайнар ауылдық округтерінде инвесторлардың күшімен атқарылуда. Бұл жобалар жүзеге асырылған сәтте 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның 30-ы тұрақты жұмыс орындары болмақ.

Өрнек ауылындағы тауарлы сүт фермасының сыйымдылығы 621 басқа арналған. «Момбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Күлпаршын Сатибаеваның айтуынша, бүгінгі күні фермаға электр желілері тартылып, 4 корпустың іргетасы қалануда. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Мұнда заманауи техникалар арқылы сүт өнімдері өндірілетін болады.

Ал, Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Жоба құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Кооператив төрағасы Азат Сатановтың айтуынша, бүгінгі таңда ферманың іргетасын құю жұмыстары аяқталып, тіректерге арналған орындардың 50 пайыз жұмысы аяқталған. Үшінші корпустың тіректері дайын. Қазіргі таңда тіректерді қойып дәнекерлеу жұмыстары жүруде. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс бригадасы нысан құрылысын сәуір айында аяқтап тапсыруды жоспарлап отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы