Жамбылдық өрен Сингапурдегі жаһандық жарыста бақ сынайды

Соңғы жылдары жамбылдық жастардың білім саласындағы жетістіктері айтарлықтай артып келеді. Бүгінде өңір жастары аймақтық, республикалық жарыстардан бөлек, халықаралық олимпиадаларда да топ жарып жүр. Солардың бірі – Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 – сынып оқушысы Нұрасыл Серіков. Өткен жылы StemCo халықаралық байқауының маусымдық кезеңдерінен алтын медаль алып, еліміз бойынша жалғыз грант иегері атанған ол ақпан айында Сингапурде өтетін жаhандық кезеңде бақ сынайды.
StemCo – бұл ғылым, технология, инженерия және математика бағыттары бойынша маусымдық негізде жылына төрт рет ұйымдастырылатын халықаралық байқау. Әр елден жеңімпаз атанған жастар жылына екі рет Сингапурде өтетін жаһандық финалға жолдама алады. Аталған ғылым бәйгесіне жыл сайын әлемнің 40-тан астам елінен 10 000-нан астам оқушы қатысады. Осы арқылы Сингапурдың оқу бағдарламасына негізделген жас ерекшеліктеріне сәйкес жарысты қамтамасыз ету арқылы оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын дамытуға жол ашады.
Айта кету керек, бұған дейін Нұрасыл физика және жоғары математика саласы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Өзінің ғылымға деген қызығушылығын жас кезінен бастап көрсеткен ол көптеген академиялық байқауларға қатысып, 45-тен аса түрлі жарыстардың жүлдегері атанған. Ең соңғысы өткен жылы геометрия пәні бойынша ХІ халықаралық Иран олимпиадасынан қола медаль иеленген. Аталмыш білім додасына 1245 қазақстандық оқушы қатысқан. Жас дарын бүгінде өзі білім ататын мектебінде жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін хаб құрып, нейрондық желілер мен OpenAI платформасын қолдану арқылы түрлі бағдарламалар жасаумен айналысады.
Талай жасқа табысты бастамаларымен үлгі болған жамбылдық жас дарынға сәттілік тілеп, Сингапурде өтетін жаһандық кезеңде табыс тілейміз!
Нұрболат АМАНБЕК