Білім

Роботехника – келешектің қажеттілігі

The final spritzer

XXI ғасыр техниканың даму ғасыры болғандықтан, компьютерлер мен роботтардың адам өмірінде алатын орны өте зор. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау – жаңашылдыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізі. Қазақстан да дамыған елдер қатарына қосылуда ғылыми техникалық прогрестен шет қалмауы тиіс. Бұл ретте, ең алдымен, ақпараттық техника саласындағы мамандардың қатарын көбейту, оларды сапалық тұрғыдан жетілдіру маңызды болмақ. Сол себепті бүгінде еліміздің мектептерінде арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Мұндай бастама аясында Жамбыл ауданындағы техникалық-шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығында да робототехника үйірмесі жұмыс жүргізуде.

Робототехника – роботтардың құрылысымен, жұмысымен, оған қоса оларды басқарумен айналысатын ғылыми технологияның саласы. Қазіргі таңда әлемде бұл үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұндай әлемдік даму үдерісінен біздің елдің балалары да шет қалмауы тиіс. Осы мақсатта техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының «Робототехника» үйірмесі бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үйірмеге 1-9 – сынып оқушылары қамтылады. Үйірме оқушылардың бір-бірімен ғылыми-техникалық идеялар, техникалық-инженерлік білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Мұнда жас жеткіншектер роботтардың әр түрін құрастыра отырып, балалар шыдамдылыққа, терең ойлауға және әрбір жасалған жұмыстың нәтижесін көруге қалыптасады. Робот құрастыру, негізінен, екі деңгейден тұрады. Біріншісі – роботтарды құрастыру, екіншісі – негізгі бағдарламаларын құру.

Бүгінде үйірмеде аптасына екі мәрте 30 бала жаңа технологияның қыр-сырын білуге мүмкіндік алуда. Мұдағы арнайы кабинеттегі құрастырғыш жинақ үйірме қатысушыларына үйренуге аса қиындық туғызбайды және құрастырмалардың көмегімен кез келген пішіндегі роботтарды жасап шығаруға болады. Оқушылар роботтарды құрастыруды, оларды құрылғы арқылы басқаруды меңгеріп, түрлі техникаларды, кран мен жануарлар кейпіндегі роботтарды да құрастыруды үйренген. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде үйірме оқушылары Айтөре Айтбек, Нұрқанат Сәрсенбай, Нұрзат Аманбек, Шерхан Амантай, Жансерік Нұрғали, Зере Өтеулі, Інжу Даниярқызы секілді технологиялық игілікке жаны құмар жастар аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Үйірмеде оқу бағдарламасы бірсарынды форматта емес, қызықты өткізілуі үшін түрлі жобалар қарастырылған. Мәселен, «Инновация және идея шығармашылық алаңы» жобасы бойынша облыстық семинар аясында әуе шоу ұйымдастырылып, түрлі идеялармен макеттер жасалынды. Дәл осы макеттермен «Жас өнертапқыштар» облыстық байқауында «Әуе модельдеу» үйірмесінің оқушылары жүлделі алғашқы орындарды еншілеген. Соның бірі – аталмыш байқауда «Баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану» тақырыбы бойынша бірінші орын иеленген Бинұр Өтеулі. Ол су көздерін үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғының нобайын жасап шығарған.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап қолданылуға берілген орталықта мамандар робототехника үйірмесінен бөлек көркем-эстетикалық және тілдік бағыт, био-экологиялық бағыт, сәндік қолданбалы және кәсіптік бағдар бойынша жұмыс істеп, қазіргі таңда 21 үйірменің жұмысын жандандырып отыр. Орталықтың негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етіп, жас түлектерге мамандық таңдау үшін кәсіби бағдар беру болып саналады.

 

Нұрболат АМАНБЕК