Несиелендіру жұмыстарының нәтижесі бар
Мемлекет басшысы Жолдауларында агросаланы дамытуға басымдық беріп келеді. Сондай-ақ, Президентіміз «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – деді Президент сұхбатында. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы да өңірде өз жемісін беруде.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры Манас Беріковтың айтуынша, жоба аясында несиелендіру жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілген.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 2023 жылы «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның ауқымын арттыру үшін микронесиелер беру» аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 24 миллиард теңгеден асқан. Ол несие қаражаты екі траншпен берілген. Бірінші транш бойынша маусым айында 11 миллиардтан аса теңге бөлініп 2025 жоба несиелендірілсе, екінші транш бойынша қазан айында 12 миллиардтан аса теңге қаралып 2051 жоба несиелендірілген.
Таратып айтар болсақ, бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша 33 773 442 теңге, екінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту бойынша 23 миллиардтан аса теңге бөлініп, барлығы 4012 жоба қаржыландырылған. Үшінші бағыт – ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бойынша 313 миллион теңгеден аса қаржы қаралып, 21 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Бесінші бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашу бойынша 289 721 286 теңгені құрайтын 38 жоба қаржыландырылып, кәсіпкерлік нысандар ашылған.
Бұдан бөлек, өткен жылдың мамыр айында 600 миллион теңге бөлініп, 4 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 4 трактор алса, 23 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 112 ауыл шаруашылығы тіркемелерін несиеге алған. Ал, 2024 жылдың тамыз айында қызылша жинайтын комбайн сатып алуға 900 миллион теңге бөлініп, 6 шаруа қожалығы және 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 7 қызылша жинайтын комбайнды болды. Одан бөлек, былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін қайтқан қаражат есебінен, мал бағытынан басқа, яғни «Өз кәсібін ашу» бағыты бойынша қажетті құрылғылар және жабдықтар сатып алу үшін 160 жоба қаржыландырылған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.