Күн сәулесі – күнделікті қуат көзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің белді басылымдарының бірі – «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында «Жасыл» экономиканы дамыту жайына да тоқталып өтті. «Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар», – деді Мемлекет басшысы бұл туралы.
Жалпы, бүгінгі күні елімізде барлығы 2525 мегават қуатты құрайтын 141-ден аса жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 251,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасы.
Бұл стансаның жұмыс істеп тұрғанына үш жылға жуықтады. Содан бері станса үздіксіз 10 мың үй мен ондаған өндіріс ошағын электр қуатымен қамтып келеді. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, оның жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Бұл жобаның инвесторы «Unigreen Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал жоба операторы «АЕС Аsa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Ал, жобаны жүзеге асыру үшін 20,8 миллиард теңге жұмсалған.
Бүгінгі таңда стансада 15 адам еңбек етуде. Станса айналасын ондағы жұмысшы мамандар тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техника алынған. Панельдерді шаң-тозаңнан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті.
«Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді. Енді оның қуатын тағы 20 мегаватқа арттыру көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарлануда» – дейді ол.
20 мегаваттық күн электр стансасын «МРП АСА/ Отан Пауэр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы