Мәдениет

Жадына төрт мың кітап оқиғасын сақтаған Жылқыбай

The final spritzer

Шу аудандық орталықтандырылған кітапханасы облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты бастамасын қызу қолдап кетті. Оқырмандар арасында өмір бойы кітаппен тыныстаған кісілер бар. Олардың өнегелі жолы үміт арқалаған жас ұрпаққа үлгі.

Сондай оқырманның бірі – 74 жастағы ақсақал Жылқыбай Қойшыбеков. Ол кісінің мамандығы инженер-технолог болғанымен, кітаппен достығын ешқашан үзген емес. Қазақ әдебиетінің алпауыттарын тегіс тауысқан көңіл көкжиегі кең ақсақал әлемдік сөз шеберлері Байрон, Бальзак, Пушкин, Шекспирлерді толық оқып, сусындағаны бір ғанибет. Алқалы топтың төрінде отыруға лайық Жылқыбай Жазықбайұлының оқыған кітабының саны 4 мыңнан асыпты. Бәлкім, бұл цифр жылдармен өлшегенде айтарлықтай көп те емес шығар, бірақ аз дегенге де келмейді. Оқығанда да кез келген кітапты емес, шығарманың асылы мен маржанын теріп оқыса, 4 мың кітаппен төрт тарапқа басқаша қарауға болатын шығар. Бір көргеннен оның жаны таза, көңілі нұрлы адам екені көзге түседі. Оған белгілі дәрежеде кітап оқығанның әсері ықпал еткен болар деп ойладық.

Кітап оқу сөз болып жатқанда бір ескерер мәселе, нені оқығаныңда, қалай сіңіріп оқығаныңда болса керек. Бұл жағынан алғанда Шу қаласында тұратын Бибісара Аллабергенова барша жастарға үлгі. Аудандық кітапханаға жиналған жастарға «Абай жолын» оқу қазақ халқының барша салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын, тарихын білу екенін айта келіп, кітап беретін құндылықтарға тоқталды. Мамандығы бастауыш пәнінің мұғалімі Бибісара Досанқызы осы кезге дейін шамамен 2 мың 500 кітап оқығанын айтады.

Аталған аудандағы Мұхтар Әуезов орта мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Дүйсекенің кітапқа тұрақты назар аударып жүргеніне 3 жылға жуықтаған. Ең алғаш оқыған кітабы Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен – апамның баласымын» романы. «Бұл романның маған жақын болғандығы мен де апамның қолында өскен, атам мен апамның баласы болып кеткендігімнен. Сондықтан, бұл шығарма мені ә дегеннен жетелеп, қызығына баурап, әсерге бөледі. Қалай бас алмай оқып шыққанымды білмей қалдым. Содан бері кітап менің досым», – деді ол. Қазіргі таңда оқыған кітабы 400-ге жуықтаған. Әрине, әңгіме кітаптың санында да емес, мазмұнында. Дегенмен, көп кітап оқыған баланың талабы таудай екеніне күмәніміз қалмады. Кітап оқығанның әсері болар Еркебұланның өлең жазатыны да бар. Талабына нұр жаусын.

Сонымен қатар, Төле би ауылдық округіндегі Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Шалқар Болатбек кейінгі екі жылда 100 кітап оқып шыққан. Ал, әл-Фараби атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Ақнұр Жамбыл кітап оқуды жаңадан бастап жүрген талапкер. Оқыған шамалы кітаптарының қатарында Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар» кітабы да бар. «Мен кітап оқуды жаңадан бастап жатырмын. Бізге сынып жетекшіміз де, ата-анамыз да артық білім кітапта екенін айтады. Кітапханаға барып, кітапханашы апайлардың да ақыл-кеңесін тыңдап тұрамын. Оқу озатымын. Кітаптан терең сөздер, теңеулер табуға болады. Алдағы уақытта да кітап менің серігім болады», – дейді. Кітапханашылар арасында да жылдың үздігі болып жүрген білікті мамандар бар. Осындай ашық-жарқын әңгімелесуді, рухани сұхбатты ұйымдастырған Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева күнделікті жұмысы оқырмандармен қызықты екенін айтып өтті.

Бұл пікір біздің де көңілімізге қонғаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы