Еңбегімен елге үлгі

Тағдыр адамның маңдайына не жазса, соны көреді. Жуалылық Сағынай Пірімовтің де тағдыр-талайы ешкімге ұқсамайды. Кейіпкеріміздің өмір жолы сан тарау, соқтықпалы-соқпақсыз. Ол қанша қиындық көрсе де, ата-анасының сеніміне селкеу түсірмеуге тырысты. Тіпті, еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде де кейбіреулер секілді ащы суға салынып, отбасының берекесін алған жоқ. Керісінше, еңбек майданында шарболаттай шыңдалып, өзінің туған жеріне, ата-анасына сөз келтірмеді. Өз кезегінде өмірлік жары Сая Абдраманова да отағасының тапқан табысын құрастырып, ұл-қызының ұшқан ұясында дұрыс тәрбие алуына барынша жағдай жасады.