Аумақтық сайлау комиссиясы есеп берді

Жылдағы дәстүр бойынша аймақта аумақтық сайлау комиссияларының есептік жиыны өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл ауданында да жалғасын тапты. Жиынға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев және аудан әкімдігінің бөлім, мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, аудандық Қоғамдық кеңестің, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары қатысты.
Есеп беру жиынында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серік Дадабаев сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы баяндады.
Өткен жылдың қазан айында республикалық референдум, желтоқсан айында Жамбыл аудандық мәслихатының №2 және №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау, сондай-ақ, төрт ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілгендігі белгілі. Аталған референдум мен сайлаулар Орталық сайлау комиссиясының үлгісімен жасалған күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, өткізілді. Өткізілген сайлаулар мен референдум кезінде Жамбыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 25 отырысы өтіп, 8 шешім және 5 қаулы қабылданған.
Комиссия төрағасының айтуынша, аудан аумағында халық санының өсуіне байланысты сайлаушылардың саны да жыл сайын артып келеді. Сайлау учаскелері орналасқан аумақтар бойынша сайлаушылар санына аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жыл ішінде атқарған жұмысына жоғары баға берген Серғали Айдапкелов Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру мақсатында сайлау жүйесін дамыту жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатынын атап өтті. Жиын соңында комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы