Жаңалықтар

Компьютерлік қылмыстардың көбеюіне не себеп?

Жамбылдық Раушан есімді тұрғын интернет-алаяқтарының құрбаны болғандардың бірі. Ол өткен жылдың қазан айында «Facebook» әлеуметтік желісінен ағаш монша дайындайтындардың жарнамасын көріп, сілтеме арқылы тапсырыс береді. Өз кезегінде 48 жастағы жергілікті тұрғынның сеніміне кірген Андрей есімді жігіт Kaspi банк арқылы 740 мың теңгені рәсімдейді. «Cyberpol» қызметкерлерінің дер кезінде жедел іс- шараларды жүргізуінің нәтижесінде жәбірленушінің атынан рәсімделген несие қаражаты әулиеаталық жеке кәсіпкердің Kaspi есепшотына түскені анықталады. Полицейлер жеке кәсіпкермен тілдесу барысында ол өзінің есепшотын үшінші тұлғаға жалға бергенін мәлімдеген. Осылайша, құзырлы органдар банктік аударымдарының транзакциясын тексеру кезінде Абай облысының тұрғыны екені белгілі болады. Ал, бұл жігіт өзінің банктік карточкасын досына берген екен. Сөйтіп, оның досы әп-сәтте алаяқтық жолмен келген ақшаның «иесі» атанған. Жамбылдық тәртіп сақшылары күдіктіні құрықтағаннан кейін ол кінәсін толық мойындап, жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық шығынды өтеген.

Міне, бұл – интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелген бір ғана жанның басынан өткен оқиға. Осыдан-ақ, әккі алаяқтардың қарапайым халықтың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп бергенін елестетудің өзі қиын. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетовтың айтуынша, киберқылмыстың көбеюіне азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатсыздығы себеп болуда. Ол сөзінде банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.

Ал, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы интернет-алаяқтық қылмыстарына тосқауыл болу мақсатында құзырлы органдар тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, прокуратура тарапынан жедел-тергеу жұмысына баса назар аударылып, 273 интернет-алаяқтық қылмысының 90-ы бойынша күдікті тұлғалар анықталғанын жеткізді. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысымен нақ осы қылмыстарды ашу көрсеткіші 34 пайызға артыпты. Бұл туралы бірер күн бұрын өңірлік коммуникациялар ортағында өткен баспасөз-брифингінде мәлім болды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміз бойынша интернет-алаяқтық қылмысы ең аз тіркелген өңір – үш жыл бұрын құрылған Ұлытау облысы. Бұдан кейінгі орын Жамбыл облысына тиесілі. Алайда, есепті кезеңде бір ғана Тараз қаласында 418 алаяқтық дерегі тіркелсе, Шу және Қордай аудандарында да 40-қа жуық факт анықталған. «Cyberpol» қызметкерлері қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтарын құрықтауға бар күшін салып жатқанымен, азаматтардың сыни көзқарасы қалыптаспайынша бұл қылмысты түбегейлі жою мүмкін еместігін жасырмайды. Демек, сіз бен біз сақтық және ақпараттандыру шараларын берік ұстанып, оңай олжаға кенелемін деген қажетсіз ойдан арылу арқылы ғана қаржылық мүддемізді қорғай аламыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ