Жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау қарқыны жоғары

Жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік осал топтағы жандарды жан-жақты қолдау мемлекеттің басты бағыттарының бірі саналады. Бұл бағытта өңірімізде де бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларының атқарылуы жайында жұмыстар сарапқа салынды. Жиында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Басқарма басшысының сөзінше, биылғы жылы басқарманың жетекшілік ететін бағыттары бойынша әлеуметтік салаға 54,4 миллиард теңге қаралған. Осылайша, қаражат көлемі өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда 22 пайызға артқан. 2024 жылы Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 67 308 болып бекітілген. Жылдың қорытындысымен 70 056 жұмыс орыны құрылған.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына өткен жылы 16 915 адам тартылса, биыл 15 197 адамды қамту жоспарланған. Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру, жаңа мамандық беру бойынша 1 291 адам жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарына кәсіптік оқуға жолданып, оның 1 234-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен бірге, аталған басқарма басшысы жиында әлеуметтік қамсыздандыру мен мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету жайына да тоқталды. Жалпы, өткен жылы облыста атаулы әлеуметтік көмек алушы 31 497 адамға 2,9 миллиард теңге төленген болса, биыл бұл санаттағылар саны 52 652 адамды құрап отыр. Ал, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында тіркелген 28 513 өтініштің 28 041-і қанағаттандырылған.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы заңбұзушылықтардың алдын алып, әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек, жиында аймақ басшысы салаға жауапты басқарма басшысына Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне төленетін қаржылай көмекті арттыру мүмкіндіктерін қарастыру керектігін айтып, тиісті басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне электронды еңбек биржасында бос жұмыс орындарын жариялау шараларын жандандыруды тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК