Ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық болмау керек

Ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру ісінде алшақтық болмау керегін Мемлекет басшысы үнемі айтып жүр. Әрбір бала жасына лайық заманауи білім мен тәрбие алуы үшін бар жағдай жасалып, мектептер бүгінгі уақыт талабына сай жабдықталып та келеді. Қазіргі күнде ауыл мен қала мектептерінің білім деңгейінде айырмашылық бар ма? Біз осы сауалға жауап іздедік.
Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында облыстағы 449 мектептің 350- і, яғни 77,9 пайызы ауылдық мектеп. Олардың 141-і (31,4%) шағын жинақталған мектептер. Аталған мектептердің 34-і бастауыш, 24-і негізгі, 83-і жалпы орта мектептер болса, оларда 12832 бала білім алып жүр. Бұл ағымдағы оқу жылындағы облыс мектептерінде білім алып жатқан 231900 оқушының 5,5 пайызын құрайды.
Жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, озық тәжірибені тарату және оқушыларды оқытумен дамытудың оңтайлы әдістері мен технологияларын трансляциялау мақсатында Адрестік көмек көрсету бағдарламасының қоғамдық- гуманитарлық, жаратылыстану- математикалық бағыттағы пән мұғалімдерінің кәсіби дамуына бағытталған «Зерде» жобасы жүргізіліп отыр екен. Сондай- ақ мектеп оқушыларының оқу, математикалық, жаратылыстану сауаттылықтарын арттыру, зерттеушілік және функционалдық сауаттылықтарын дамытуға бағытталған «Шебер мұғалім» бағдарламасы аясында «Сырттай оқыту мектебі» жобасы да іске асырылады.
Ал, ауыл мектептерінің материалдық жабдықталуын басқарма басшысы былайша жеткізді:
Жас жеткіншектердің жан- жақты білікті тұлға болып қалыптасуына мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының да қосар үлесі зор.
Облыстағы ауыл мектептерінде осындай ұйымдардың желісін кеңейту мақсатында 2023 жылы 5 комьюнити орталықтары ашылған. Атап айтқанда, олар Байзақ ауданындағы Өнер мектебінің филиалы Қостөбе ауылында, Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық аула клубы Б.Қашқынбаев орта мектебінде, Техникалық шығармашылық орталығы М.Әуезов мектеп-гимназиясында, Балалар жасөспірімдер орталығы Қызылдихан орта мектебінде, Жуалыдағы Аула клубының орталығы Нұрлыкент ауылында орналасқан. Онда 881 оқушы қамтылыпты. Өткен жылы 10 комьюнити-орталықтары ашылған. Оларда 967 оқушы қамтылған.
Біз бұл мәселе туралы ата-аналардың пікірін білгенді жөн көрдік. Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданындағы Көкжелек ауылының тұрғыны Болат Жақсылықов алға жылжыған уақытпен бірге ауыл мектептері де көркейіп келе жатқанын айтты.
Өткен оқу жылын қорытындылаған Ұлттық бірыңғай тестілеуден облысымызда 2 оқушы жоғары 137 балға қол жеткізді. Олар – Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы №6 орта мектептің оқушысы Нұрайым Қилыбай мен «OZAT» жекеменшік мектебінің оқушысы Аршат Жорабай. Байқағанымыздай, жоғары балға қол жеткізген екі оқушының бірі – ауыл мектебінің оқушысы.
Айта кетейік, бұл мектепте 706 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылын 2 оқушы Алтын белгімен, 1 түлек Үздік аттестатпен аяқтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп 87,6 орташа балдық көрсеткіштен көрінген. Бұл мектепте 22 оқу бөлмесі болса, оның екеуі компьютер сыныбы. ІТ сынып, робототехника кабинеті жоқ. Әйткенмен, білім мен тәрбиеге ерекше мән беріледі. Мектептің оқу тәрбие процесінде тәрбие саласы бойынша «Жас бүркіт», білім сапасын арттыру мақсатында «Даму», әдістемелік жұмыстарды нығайту негізінде «STAR», дарынды балалармен жұмыс жүргізетін «Дарын» жобалары жүзеге асырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2023- 2024 оқу жылында мектепті тәмамдаған 21 түлектің 16-сы мемлекеттік грант иегері атанған.
Қамар ҚАРАСАЕВА